Елде химия өнімдерінің экспорты артып келеді

13 маусым, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елде химия өнімдерінің экспорты артып келеді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Еліміздің химия өнеркәсібінде 1093 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде ірісі – 12, орташасы – 21 және шағыны – 1060, бұл шағын өндірістердің басым екенін және шоғырландыру мен жаңғырту әлеуетін көрсетеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2019-2024 жылдар аралығында химия өнеркәсібіне 1,7 трлн теңге инвестиция – негізінен жеке инвестиция салынды. 2025 жылдың басынан бастап салаға салынған инвестициялар көлемі 50,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде мемлекеттік инвестициялар есебінен – 2,6 млрд теңге және жеке инвестициялар есебінен – 48,1 млрд теңге салынды. Бүгінгі таңда химия саласы әртүрлі бағыттағы химиялық өнімдердің 240-тан астам аталымын шығарады, олардың арасында агрохимия маңызды орын алады.

Агрохимия секторы шығарылатын өнімнің жалпы көлемінің 22,5%-ын қамтамасыз етеді әрі бүкіл саланың өсуінің негізгі қошғаушы күші ретінде қызмет етеді. Бұл халық санының өсуіне және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аграрлық өнімге әлемдік сұраныстың артуына, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту қажеттілігіне байланысты.

2024 жылы Қазақстан химиялық тауарлардың 205 түрін экспорттады. Қазақстандық химия өнімдерін негізгі импорттаушы елдер – Қытай, Ресей және Вьетнам. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында ірі өндірістерді: полиэтилен, карбамид өндіру зауыты – «ҚазАзот Prime» ЖШС, бутадиен және оның өнімдерін өндіру бойынша – «Бутадиен» ЖШС, сондай-ақ тазартылған терефтал қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі жүзеге асыру басталды. Калий және фосфорит кен орындарын игеру бойынша жобалар белсенді жүзеге асырылуда. Негізгі инвесторлардың қатарында QazaqKalium Ltd және SRPM (БҚО-дағы «Сатимолла» кен орны), сондай-ақ фосфориттер саласында – «Еврохим-Қаратау» ЖШС (аммофос және NPK), «Созақ-Фосфат» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС бар. Сала экономикаға мультипликативті әсер етеді – ол ТМК, қышқылдар, катализаторлар, бояу материалдары, химиялық реагенттер мен тыңайтқыштар өндірісімен тығыз интеграцияланған. Осы секторларды өзара қолдау өнеркәсіптік кооперацияны күшейтеді және түпкілікті өнімнің сапасын арттырады.