Биыл үлкен қажылық сапарына елімізден 4500 адам барады

Бүгін, 09:19
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Биыл үлкен қажылық сапарына елімізден 4500 адам барады
Фото: freepik

Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі қажылық квоталарына байқау нәтижесі бойынша қанша адамның үлкен қажылық сапарына баратынын жариялады. Биыл конкурстық негізде 15 туроператорға жалпы саны 4500 қажылық орны бөлінген. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен (5081 орын) айтарлықтай аз, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоспар бойынша, қазақстандықтар 24-31 мамыр аралығында қасиетті сапарға аттанып, 10-15  маусымда елге оралады. Қажылар Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларынан тікелей рейстер арқылы ұшады. Оларға отандық Air Astana мен SCAT, сондай-ақ Flynas (Сауд Арабия Корольдігі) әуе компаниялары қызмет көрсетеді.

«Қажылық – адамның тақуалығын күшейтіп, шыңдай түсетін уақыт. Қажылық мұсылмандар арасында бауырмашылдықты күшейтеді. Және олардың ауызбіршілігінің аса маңызды екенін ұқтырады.  Қажылар бір мекенде, бір мезгілде, бір кейіпте бас қосады. Олар бір Жаратушыға дұға етеді. Мақсаттары – бір, бағыттары – бір. Биылғы қажылық маусымын баршаңыз барынша ат салысып, жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында қасиетті мекендерге аттанасыздар. Бұйырса, бұл қасиетті сапар – сындарлы сәт, әрі ұлы құлшылық», – деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан қажылық миссиясы мүшелерінің алғашқы жиынында.