Бауыржан Момышұлының келіні әскери қызметшілермен кездесті


Алматыдағы Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде тағылымы терең еске алу іс-шарасы өтті. «Мәңгілік сапта» атауымен ұйымдастырылған бір күндік акция қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілерін еске алуға арналды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, ардагерлер мен офицерлер, әскери қызметшілер қатысты.
Тағылымды іс-шара аясында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының және әр жылдары қаза болған Ұлттық ұлан жауынгерлерінің құрметіне монумент ашылды. Еңселі монумент Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай бой көтерді. Рәсімде қызыл лентаны «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев пен батырдың келіні Зейнеп Ахметова қиып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Артынша жиналғандар ерлік пен елдіктің символына айналған батырлардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Іс-шарада алғаш болып сөз алған генерал-майор Талапкер Әміреев жауынгерлердің есімі әрдайым құрметпен аталатынын, олардың ерлігі жас сарбаздарға үлгі екенін атап өтті.
«Ел үшін жан берген ерлердің рухы – мәңгілік шырақ» деген қанатты сөз бар. Осыған орай соғыс жылдарында бейбіт өмір үшін соғысқан ардагерлердің, жат жерде ел намысын бермеген 17 жауынгердің және әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан ұландықтардың есімдері бүгінгі ескерткішке ойып жазылған. Көпке үлгі боларлық өнегелі іс келешек ұрпаққа тарих деп білемін. Өйткені бүгінгі ескерткішке жазылған асыл азаматтардың жанқиярлық ерлігі мен есіл еңбегі жас ұрпақ үшін өнеге», - деді генерал-майор Талапкер Әміреев.
Бұл мемориал – ел қорғау жолында қаза тапқан ерлердің ерлігін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға бағытталған тағзым белгісі.
«Халық «Өткенін ескерген – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» дейді. Құдайға шүкір, өсіп-өніп жатырмыз. Жоғымыз-
ды тауып жатырмыз. Ұмытылғанның бәрін еске алып жатырмыз. Міне, бүгін де – сол тарихтың бір айтулы күні. Бұл – ұрпақ үшін, өсіп жатқан қазақтың ұландары үшін керек дүние», - деді қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова.
Іс-шара барысында қонақтарға Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі мен бригада командирінің алғыс хаттары табысталды. Марапат ең алдымен Зейнеп Ахметоваға берілді. Сонымен қатар ерлік мұрасын ұлықтауға үлес қосқан ардагерлер мен ескерткіш жобасына демеушілік жасаған қаржы ұйымының қызметкерлері де осы құрметке ие болды.
Іс-шара соңы салтанатты шерумен түйінделді. Бұл шеруде әскери бөлім қызметкерлері сап түзеп, қаза тапқан қаруластарын үнсіз еске алды.
«Мәңгілік сапта» акциясы – батырлықты ұлықтап, ерлік пен елдік ұғымдарын насихаттайтын тағылымды шара ретінде қатысушылар жүрегінде терең әсер қалдырды.