Прокурор Айжан Аймағанова бір күнін көрсетіп, желідегі жұртты елжіретті

30 мамыр, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Прокурор Айжан Аймағанова бір күнін көрсетіп, желідегі жұртты елжіретті
Фото: Жоғары сот

Экс-министр Қуандық Бишімбаев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанова өзінің Instagram парақшасында отбасындағы қуанышымен бөлісіп, видео жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Көпшіліктің көзайымына айналған Аймағанова қызының бастауышпен қоштасып жатқанын айтып, бала тәрбиесіне қатысты жан сырымен бөлісті.

«Қызымның бастауышпен қоштасу кеші болды — және бұл соңғы жылдары қатысқан санаулы шаралардың бірі.

Мен баламның әрбір ертеңгілігіне қатысып, сынып өміріне араласып, мұғалімге көмек көрсететін ана болмадым. Балаларым мектепке өздері барып келеді, кейде бірнеше автобуспен, ал кішісін дайындықтан өздері алып кетеді. Мен олардың дербестігіне мақтанамын. Бірақ кейде жанында болу да маңызды екенін түсінемін.

Балаларым мемлекеттік мектепте оқиды. Кейбіреулер таңғалады, ал мен олардың реакциясына таңғаламын. Мен үшін маңыздысы — қайда оқып жатқандығы емес, сол ортадан не үйреніп жатқаны: білім, дағды, мінез.

Балаларды қорғау күні қарсаңында тағы бір рет өзімізге ескерту жасағым келеді: балаларға бейжай қарамаңыздар, оларды тыңдайық, естейік, жанында болайық. Күнде болмаса да, шынымен оларға маңызды сәттерде — міндетті түрде», - деп жазды ол.