Балаңызға қауіпсіз ойыншықты қалай таңдау керек?
Жаңа жыл — жақсылыққа толы ғажайып мерекелердің бірі. Баршамыз алдағы жылдан бізге не берер деген үміт пен жақсылықтар күтетініміз рас. Бұл — барлық жұрт асыға күтетін таңғажайып және ең көңілді отбасылық мейрамдардың бірі. Түн ортасында сағаттар соғып, Жаңа жылдың келгені білініп, жаңа жылдық дастархан басында бір-біріне сыйлықтар табыс етіледі. Осы орайда «Балаңызға ойыншықты дұрыс таңдап жүрсіз бе?» деген сауал туындайды. Оларды әркім өз қалауымен таңдайды. Мәселен, біреу белгілі бір өндіруші компанияға, енді біреулер бағаға, ал басқалары сыртқы келбетіне мән береді. Ал қауіпсіз ойыншықтарды таңдау үшін қандай белгілеріне назар аудару керек? Бұл сұраққа Президент Іс басқармасы «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» токсикология зертханасының санитариялық дәрігері Айгүл Нұрсейіт жауап берді.
Мамандардың айтуынша, балаларға арналған ойыншықты таңдауда өте мұқият және жауапкершілікпен қарау керек. Әсіресе оларды кез келген күмәнді жерлерден сатып алмаған дұрыс. Себебі мұнда өнім сапасына кепілдік берілмеуі мүмкін.
«Ойыншықтарды тек сенімді орындардан сатып алыңыз. Мәселен, ойыншықтарды рұқсат етілген супермаркеттерден, дүкендерден немесе базарлардан сатып алу керек. Нарықтағы дала базарлары – өте қауіпті. Ондағы ойыншықтар көбінесе сертификатталмағандықтан, бұл баланың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін», - деді токсикология зертханасының маманы.
Сатып алушы ойыншықтың бүкіл сыртқы түріне аса мән беруі тиіс. Оның әрбір жеке бөлшектерін ұстап көргені дұрыс. Міндетті түрде ойыншықтың қаптамасы болғаны жөн.
«Ойыншық сатып аларда мына белгілерге назар аударыңыз. Оның сыртында ойыншық атауы және өндіріс кәсіпорнының мекенжайы, жас шектеулері (мысалы, 3+, 6+), құрамы, сақтау және күтіп ұстау жағдайлары, өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ стандарттарын сай болуын растайтын белгісі, сондай-ақ ақпарат қазақ және орыс тілдерінде беріліп, мәтін оңай оқылуы керек», - деді Айгүл Мұхамедәлiқызы.
Маман жағымсыз иісі жоқ ойыншықтарды таңдауға кеңес береді.
«Егер ойыншықтың химиялық иісі болса, бұл фенол немесе фталат сияқты улы заттардың бар екендігін білдіруі мүмкін. Егер иіске күмәндансаңыз, сатып алудан бас тартыңыз. Одан бөлек, ойыншықтың дизайнын тексеріңіз. Өнімде баланың жұтып қоюы мүмкін өткір бұрыштары, саңылаулары немесе кішкене бөліктері болмауы керек. Жұмсақ ойыншықтар тығыз тігілген болуы керек және бөгде заттар болмауы тиіс. Бала тұншығып қалмау үшін маскаларда және басқа ойыншықтарда желдеткіш болуы қажет», - деді спикер.
Оның айтуынша, музыкалық ойыншықтарды сатып аларда оның дыбысы мен жарықтарының қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз. Ойыншықтың дыбысы ақырын әрі құлақты тітіркендірмеуі керек.
«3 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпсіз материалдан жасалған жеңіл ойыншықтарды (100 грамға дейін) таңдаңыз. Олардың құрамында бала жұтып қоятын ұсақ бөлшектері, сондай-ақ улы бояулары болмауы керек», - деп сөзін түйіндеді маман.
Баршамызға мәлім, әр ата-ана үшін бала денсаулығы – өте маңызды. Сондықтан оған ойыншық таңдау ата-аналардан үлкен ұқыптылықты талап етеді. Балаңызға ойыншық таңдау барысында мақалада айтылған ақпараттарды ескерсеңіз, сіз балаңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аласыз.