00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Байқоңыр ауданында «Ататүрік» саябағы тазаланды

20 сәуір, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Байқоңыр ауданында «Ататүрік» саябағы тазаланды
Фото: Астана қалалық әкімдіктің сайтынан

8 сәуірде басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы 11 мамырға дейін «Таза өлке», «Киелі мекен» және «Жасыл аймаққа» бөлініп, жүйелі тазалау жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлады Elorda.info.

Сенбі күні тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.

Қаламыздың таза әрі жайлы болғанын қалаймыз. Сенбілік – көктемнің жайдарлы күні ортақ іске біріктіретін тамаша тәсіл. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі. Бұл істе қала тұрғындар бей-жай қарамай, жаппай атсалысуға шақырамын, - деді Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.

Байқоңыр ауданында үш мекен жайда сенбілік өтті. Біріншісі, Ататүрік саябағы. Аумағы 6,5 гектарды алып жатқан саябақта тазалау, жинау жұмыстарына 500-ден астам адам жиналды. Онда көшет отырғызылды. Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші жуулып, тазаланды.

Оған Түркияның Қазақстандағы елшісі Мустафа Капуджу арнайы келіп қатысты. Мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерден бөлек, қала тұрғындары ерікті тұрғыда қатысып, сенбілікке серпін берді. Саябақ аумағында қазақ-түрік тағамдарынан жәрмеңке өтті.

Сенбілік өтіп жатқанын естіп, арнайы келіп, тазалау жұмыстарына қатыстым. Қазақ пен түріктің ұлттық тағамдарын көрдім. Түріктер де ет тағамына басымдық береді екен, - деді Сайдулла Алпамысов.

Екіншісі, қаламгерлер аллеясында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Онда қала тұрғындарынан бөлек, зиялы қауым өкілдері, журналистер белсенділік танытты. Қаламгер арасында Қуаныш Жиенбай, Балапан Базар, Әдiлбек Ыбырайымұлы, Нұрлан Қалқа және тағы басқасы тазалыққа белсенді қатысты.

Бас қаламызда қаламгерді құрметтейтін аллея бар. Мұндай орталықты тазалау жұмыстарына қатыспай, қалай бей-жай отырамыз. Бүгін бірқатар әріптестеріммен бірге келіп, демалыс аймағын шөптер мен жапырақтарды, тұрмыстық қоқыстарды алып тастады, деді Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай.

Үшіншісі, әскери-тарихи музей маңында сенбілік жұмыстары қолға алынды. Музей аумағын тазалауға қала тұрғындарымен бірге жас сарбаздар атсалысты.

Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Үкілім Саятқызының сөзінше, сенбілік жұмыстарына 1,3 мың адам қатысты.