Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы ел дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп есептейді – сауалнама

27 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы ел дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп есептейді  – сауалнама
фото: Оңалхан Өнерхан

Қоғамдық саясат институтының зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің 70%-дан астамы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Мұндай пікір көбінесе ауыл тұрғындарына (80,7%), 24 жасқа дейінгі жастарға (78,9%), әйелдерге (72,2%) тән, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Халықтың ағымдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайды бағалауында неғұрлым қалыпты оптимизм тіркелді - тиісінше 76,5% және 67%.

«Бұл нәтижелер елде жүргізіліп жатқан реформаларды оң қабылдаумен байланысты. Осылайша, қоғамдық-саяси салада азаматтар ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлауға мүмкіндік алды. Сайлау жүйесі ашық бола бастады. Конституциялық сот қалпына келтірілді. Гендерлік теңдік жөніндегі бастамалар әйелдерге саясатқа және қоғамдық өмірге белсенді қатысу үшін жаңа мүмкіндіктер ашты»,- деп жазылған хабарламада

Әлеуметтік-экономикалық саладағы өзгерістер бюджет саласы қызметкерлерінің табысын едәуір арттыруға, ауқымды қолдау бағдарламаларын іске қосуға, жер ресурстарына әділ қол жеткізуді қамтамасыз етуге, қауіпті және зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін зейнеткерлік жасты төмендетуге мүмкіндік берді.

Жалпы, сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің 89 пайызы өздерінің көңіл-күйлерін оң бағалады. Позитивті көзқарас 18 бен 35 жас аралығындағы жастарға, бойдақ, үйленбеген және отбасылық, жоғары білімі бар респонденттерге тән.