Қазақстанда аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесі енгізіледі


Қазақстанда келесі жылдан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейту бойынша аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесі енгізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр салалық министрліктер мен әкімдіктерге келесідей тапсырмалар берді:
Еңбек министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту карталарында көзделген еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Өңір әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын жеке бақылауға алсын.
Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2025-2027 жылдары іске асырылатын жобалар бойынша барлық деректерді мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінде орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ келесі жылдың басынан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізу қажет.
Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірыңғай цифрлық жүйені қалыптастыруға тиіс.



