Қазақстан Иранға бидай экспортын арттырады

12 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Қазақстан Иранға бидай экспортын арттырады
фото: primeminister.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Астана қаласына келген Иран делегациясымен, атап айтқанда Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезелдже мырзамен кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы қыркүйектен бері Қазақстан Иранға 960 мың тонна астық экспорттаған. Бұл өткен жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 17 есе көп. Жоспар бойынша, бидай экспортының көлемі жылына 2 млн тоннаға, ал арпа экспорты 1 млн тоннаға дейін жеткізілмек.

«Біз Иранға дәнді және майлы дақылдарды экспорттауда жоғары әлеует бар екенін көріп отырмыз. Қазақстан жыл сайын 500 мың тоннаға дейін күнбағыс майы мен күнжара жеткізе алады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласындағы инвестициялық серіктестікті дамыту – келешегі зор бағыт», — деді Айдарбек Сапаров.

Тараптар өзара сауданы арттыру мәселелерін де қарастырды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы аграрлық саладағы тауар айналымы 220,1 млн АҚШ долларын құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 33,2%-ға артты. 2025 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 139%-ға өсіп, 151,1 млн АҚШ долларына жетті. Оның ішінде Қазақстаннан экспорт көлемі үш есе өсіп, 116,7 млн долларды құрады. Негізгі жеткізілетін өнімдер қатарында арпа, майлы дақылдар, ет, өсімдік майы, жүгері және бұршақ дақылдары бар.

Иранның Ауыл шаруашылығы жихады министрі ынтымақтастықты, соның ішінде технологиялық бағыттағы әріптестікті кеңейтуге дайын екенін білдірді.

«Иран астық, әсіресе бидай мен арпа сатып алуды ұлғайтуға мүдделі. Біз қазақстандық жеткізушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар жасауға дайынбыз, сондай-ақ инженерлік суару жүйелері, ветеринария және асыл тұқымды мал генетикасы салаларындағы тәжірибе мен технологиялармен бөлісуге әзірміз. Иран компаниялары Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр, біз инвестициялық қатысуды кеңейтуге зор әлеует барын көріп отырмыз», — деп атап өтті Голамреза Нури Гезелдже.

Келіссөздердің маңызды нәтижесі ретінде екі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстанның Астық одағы мен Иранның Азық-түлік өнеркәсібі қауымдастығы дәнді дақылдар, мал азығы мен қоспалар саудасын дамыту, сондай-ақ ирандық порттық инфрақұрылымды өнім логистикасында пайдалану жөнінде уағдаласты.

Сонымен қатар, «Теміртау Трейд» ЖШС мен Иранның Азық-түлік өнеркәсібі қауымдастығы ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу саласында меморандумға қол қойды.