Аз шығынмен естен кетпес саяхат жасауға бола ма?
Саяхат бұл естен кетпес демалыс, сәтті суреттер ғана емес, сонымен бірге көлдей шығын да. Демалыстан бұрын ұшуға, тамақтануға, қонақүйге қомақты қаражат шығып кетеді. Дегенмен елордадағы туристік агенттіктің басшысы Денис Сергиенко Elorda.info тілшісіне үнемдеу арқылы да толыққанды демалуға болатынын айтты.
Травел-агенттіктерге көпшілік тәжірибелі менеджерлер пайдалы турды таңдап берсе деген тілекпен келеді. Олардың әлеуметтік желіде отыруға уақыттары да, шыдамдары да жетпейді. Сондықтан олар туристік агенттіктерге ақшасы мен сапасы сай келетін турларды тауып береді-ау деген үмітпен келеді. Турфирмалардың міндеті де – сол, - деді Денис Сергиенко.
Ал маманның айтқан ең тиімді лайфхагі, бұл – саяхатқа өз маусымында бармау.
Барам деген бағытыңызда «жоғары маусым» қашан болатынын анықтап алыңыз да, одан бұрын немесе кейін баруды жоспарлаңыз. Егер жазғы маусым туралы айтсақ, тиімдісі – Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері. Бұл тарапта пікірлер екіге бөлінсе де айтарым, кей адамдар бұл уақытта Таиланд пен Въетнамда төпелеп жауатын жауын-шашынға, теңіздегі биік жалды толқындарға қарамастан, климат ауыстырып, жаңа піскен экзотикалық жеміс-жидектерді жеп, құм жағажайларда сергіп қайтуға қарсы емес, - деді фирма директоры.
Спикердің екінші айтқан кеңесі – турларға билеттерді жеңілдіктер уақытында сатып алуға үлгеру.
Демалыс маусымында билеттердің құны аспанға ұшып тұрса, көп отельдерде орын болмай қалуы мүмкін. Сондықтан алдын ала броньдап қою тиімді. Мысалы, Түркия, Египет елдері қыстан бастап тиімді бағамен турлар ұсынады. Бұл күйіп тұрған кезде алғаннан әлдеқайда пайдалы екені түсінікті, - деді ол.
Ал егер саяхаттаушылар туристік агенттіктердің көмегінсіз өздері шетелге шыққысы келсе, онда билеттердің бірнеше ай бұрын сатылатынын білгендері жөн. Әлбетте бірінші ең арзан билеттер өтіп кетеді. Сол себепті бұл туралы ертерек ойластырып қойған дұрыс.
Үнемді саяхаттағыңыз келсе, көп жарнамаланбаған демалыс орындарын, қала, курорт, жағажайларды таңдаңыз. Атағы айқайлап тұрғандарда бұлардан артық көп ештеңесі де жоқ. Әрі баратын уақытыңызда таңдаған еліңізде фестиваль, мереке күндері емес пе екен, оны да біліп алыңыз. Әйтпесе қонақүйлерде орын болмай қалуы мүмкін, сәйкесінше бағалар да қымбаттап кететіні белгілі. Тоқ етері, әуелі қонақүйлердің орта бағасын біліңіз, тамақтардың бағасын біліңіз. Тегін жағажайларды іздеңіз. Онда барғанда аса қатты қажеті болмаса, қымбат кәдесыйларды сатып алмаңыз. Сонда қалтаңызға салмақ түспейтін болады, - деді Д.Сергиенко.
Турисік агенттік басшысы үнемдеуді өзіңізді шектеу деп есептемеу керек екенін, керісінше саяхаттаудың басқаша, балама жолдарын іздеу арқылы таныс емес орындарға бару әлдеқайда пайдалы әрі қызығырақ болуы мүмкін деп өз сөзін қорытындылады.