00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Айдар Қонысбек: Құзырлы органның атын жамылу арқылы жасалатын киберқылмыс көбейді

Айдар Қонысбек: Құзырлы органның атын жамылу арқылы жасалатын киберқылмыс көбейді
Фото: ЖИ иллюстрациясы

Бір өкініштісі, соңғы кезде қылмыстардың ішінде интернет алаяқтық белең алып келеді. Статистикаға иек артсақ, елордада өткен жылы жалпы тіркелген қылмыстардың саны 14 мыңнан асса, киберқылмыс фактісі осының үштен бір бөлігін құрап отыр. Ғаламтордың арғы жағында жасырынып отырғандар кімдер? Алаяқтардың арбауына қалай түспеуге болады? Elordainfo.kz тілшісі осы мәселе туралы Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Айдар Қонысбекпен сұхбаттасты.

–Айдар Болысбекұлы, Астана қаласы бойынша қанша интернет алаяқтық фактісі тіркелді? Оның нешеуі ашылды?  

–2024 жылдың қорытындысы бойынша елорда аумағында 4596 интернет алаяқтық тіркелді, оның 998-і ашылып, сот органдарына жіберілді. Жалпы алғанда, 160-тан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, басқа да фактілер бойынша тергеу әрекеттері жалғасуда.

Мысал ретінде тоқтала кетсем, полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осындай алаяқтық әрекетке барған 18 жастағы жігітті анықтап, ұстады. Ол Instagram қосымшасында Malibу_flowers_ast атты аккаунт құрып, жоқ гүлдерді жарнамалау арқылы елорда тұрғындарын алдап келген. Жәбірленушілермен хат алмасу барысында гүл жеткізуге уәде беріп, банктік шоттарға ақша жіберуді сұраған. Осылайша ол алаяқтық жолмен тұтынушылардың сеніміне кіріп, 35 000 теңге сомасындағы қаражатты жымқырған.

Сондай-ақ оның осыған ұқсас 16 қылмыс жасағаны дәлелденді. Бұл фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды және күдіктінің бұдан бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

–Ақпараттық технологиялар дамыған сайын киберқылмыскерлер де қарап жатпаған секілді. Интернет алаяқтықтың негізгі қайнар көзі қандай, көпшілік қай тұстарда аса сақтық танытуы керек?

–Иә, ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты елімізде цифрландандыру жаппай сипатқа ие болуда. Мысалы, мобильді банкингті пайдалану арқылы онлайн төлемдер жасау, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру және басқа да қызметтерді онлайн алу мүмкіндігі бар. Дегемен алаяқтар да ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін өз айлаларын асыру үшін кеңінен қолдануда.

Киберқылмыстың көбеюіне әлеуметтік желілер, интернеттің кең таралуы және цифрлық технологиялардың дамуы себеп болып отыр. Алаяқтар айлаларын үнемі жетілдіріп, фишинг, жасанды интеллект, DDoS-шабуылдар сияқты күрделі әдістерді қолдануда. Сонымен қатар ақша қаражатын шығару үшін криптовалюталық биржаларды қолданады. Бұл қылмыстардың көпшілігін халықаралық деңгейде шетелдік ұйымдасқан топтар жүзеге асырып отыр деуге негіз бар.

–Интернет алаяқтардың айла-шарғысы көбейіп, қолданатын әрекеттері де күрделене түскен. Соңғы кезде алаяқтардың өзі «алаяқтардан» қорғау үшін құзырлы органдар кейпіне еніп жүргенін көп естідік. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

–Иә, соңғы кезде интернет алаяқтықтың бірнеше жаңа түрі кең тарады. Мысалы, алаяқтар Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа да құқық қорғау органдарының атынан қоңырау шалады. Олар күмәнді банктік транзакциялар («сіздің шотыңыздан террористік шотқа ақша аударылғаны туралы») немесе алаяқтарды ұстау мақсатында арнайы операциялар жүргізу сияқты сылтау айтып, адамды жаңылыстырады.

Алаяқтар әртүрлі сауда алаңдарында және әлеуметтік желілерде жоқ тауарлар мен қызметтерге төмен баға қою арқылы да өзінің жемтігін аулайды. Бұл қармаққа жиі онлайн сауда жасайтындар ілігеді.

Ал дербес деректер мен банктік мәліметтерді жинау үшін киберқылмысшылар фишингтік сайттарды пайдаланады. Мұндай сайттар мен платформалар шынайы сайттарға ұқсас болады. Сондықтан көптеген адам айлакерлердің тұзағына оңай түсіп қалуы мүмкін.

Тұрғындардың тапқан-таянған қаражатын жымқыру үшін алаяқтардың ойластырған тағы бір жүйесі – инвестициялық жобалар. Бұл әдіс бағалы қағаздар мен криптовалюталар арқылы жүзеге асырылады. Алаяқтар жасанды сайттар жасайды. Ондағы платформаларда ойдан шығарылған сауда-саттық өткізіліп, толықтырулар мен кірістер туралы мәліметтер көрсетіледі. Сәйкесінше табысты арттыра түсу үшін ақша көбейту ұсынылады. Мұндайда көбіне егде жастағы адамдар алаяқтардың арбауына түсіп жатады.

Олар WhatsApp мессенджерінің аккаунтына заңсыз кіру арқылы да өздерінің алаяқтық әрекеттерін істейді. Бұл үшін алаяқтар зиянды сілтемені пайдаланып, Whats App жазбаңызға ие болады. Содан кейін олар сіздің атыңыздан барлық контактілермен байланысқа шығып, қарызға ақша беруді сұрайды және оны өздері ұсынған банктік шоттарға жіберуді өтінеді.

–Әдетте қулығына құрық бойламайтын әккі алаяқтардың арбауына кімдер түсіп қалып жатады?

–Киберқылмыстың құрбандары әртүрлі жас пен әлеуметтік топтардан шығады, бірақ статистика бойынша белгілі бір топтар басқаларға қарағанда жиірек құрбан болып қалады. Мысалы, 18-35 жас аралығындағы жасөспірімдер мен ересектер. Бұл топ интернет пен цифрлық технологияларды жиі пайдаланғанмен, киберқауіпсіздік бойынша білімдері жеткіліксіз болып жатады. Олар әлеуметтік желілерде белсенді болып, фишингтік шабуылдарға, алаяқтыққа немесе деректердің ұрлануына жиі ұшырауы мүмкін.

Одан кейін жасы 50-ден жоғары егде адамдар. Бұл топ та киберқауіпсіздікті сақтамай, алаяқтық «схемаларға» оңай сеніп қалады. Мысалы, телефондық алаяқтық немесе инвестициялық жобалар арқылы ақшасын жоғалтуы мүмкін.

Интернетті және әлеуметтік желілерді жиі пайдаланушылар да осы жерде жемтігін көздеп отырған арам жолмен ақша табушылардың айла-шарғысына тап болып жатады.

Қайталап айта кетейік, интернетті және әлеуметтік желілерді жиі пайдаланатын адамдардың (мысалы, онлайн сауда, әлеуметтік желілер, онлайн банкинг) киберқылмыстарға ұшырау қаупі жоғары. Сол себепті олардың деректері ұрлануы, аккаунттары бұзылуы немесе ақшасын жоғалтуы сияқты жайттар көп кездеседі.

Соңғы кезде белең алған алаяқтықтың түрі - мемлекеттік қызметкер кейпіне ену. Олар WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде мемлекеттік, медициналық және білім беру мекемелерінің басшыларының фотосуреттерін қою арқылы жалған аккаунттар құрып, аталған ұйымдардың қызметкерлеріне алдағы уақытта құқық қорғау органдары тарапынан тексеру болатынын хабарлайды. Әрі қарай алаяқтық «схемаға» сәйкес, олар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, қорқыту арқылы белгісіз банктік шоттарға ақша аударуды сұрайды.

–Ал алаяқтарға алданып, ақшаны белгісіз банк шоттарына аударып қойған адам қаражатын кейін қайтара ала ма?

–Мұндай жағдайда «Негізсіз байлықты қайтару міндеті» Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 953-бабының негізінде ақшалай қаражатты өтеу үшін талап арызбен азаматтық сотқа жүгіну қажет. Яғни дропперге, ақшаңызды алуға дәнекер болған адамға қатысты талап арыз беріледі, ол кейіннен азаматтық соттың шешімі бойынша ақшалай қаражатты өтеуге міндетті.

–Елордада интернет алаяқтықпен күрес қалай жүргізілуде? Жалпы, киберқылмыстан сақтану үшін не істеу керек?

–Интернет алаяқтықтың алдын алудағы маңызды қадам кибергигиенаны сақтау болып табылады.

Яғни сіздің жақындарыңыз бен таныстарыңыздан келсе де, күмән тудыратын сілтемелерге өтпеңіз; ешқашан және ешкімге SMS-хабарламалардан келген кодты және өзіңіз бен банктік шоттарыңызға қатысты басқа да дербес деректерді жібермеңіз; тауарларды әртүрлі интернет алаңдарда сатып алғанда, сатушы ұсынатын мәліметтердің түпнұсқалығына көз жеткізгенге дейін ешқашан алдын ала төлем жібермеңіз және деректер мен әлеуметтік желідегі аккаунтарыңыздың қауіпсіздігі үшін қиын құпия сөздерді қолданыңыз әрі екі факторлы аутентификацияны қосыңыз.

Қаламызда құқық бұзушылықтың аталған түрінің жолын кесуге және алдын алуға бағытталған іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілуде.

Заңсыз контентті анықтау мақсатында интернет желісіне мониторинг жүргізіледі, жалған хабарландырулар, алаяқтардың аккаунттары және басқа да заңсыз сайттар бұғатталады.

Халық арасында қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында қала өмірінің әртүрлі салаларында дәрістер өткізіледі, онда алаяқтар пайдаланатын әдістер мен тәсілдер егжей-тегжейлі ашылады, сондай-ақ негізгі сақтық шаралары жеткізіледі.

Сонымен қатар адамдар көп шоғырланатын жерлерде профилактикалық сипаттағы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі, жадынамалар мен буклеттер және аудио-, бейнематериалдар таратылады.

Интернет алаяқтықтың алдын алуда, қажетті және пайдалы ақпаратты тарату бөлігінде маңызды рөлді блогерлер, медиа тұлғалар, сондай-ақ кәсіпкерлер мен еріктілер қозғалыстары атқарады.

Халық кеңірек хабардар болу үшін республикалық теле-, радиоарналарда, жаңалықтар порталдарында, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде ескерту сипатындағы материалдарды жариялау және тарату жүзеге асырылады.

Былтырғы қаңтар және қазан айларында Полиция департаментінің бастамасымен цифрландыру басқармасы және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп интернет алаяқтық туралы ескерту бойынша SMS-тарату жүзеге асырылды. Бұл іс-шара 1 млн 800 мың абонентті қамтыды.

Сонымен қатар өткен жылдың 18-19 қазан аралығында қала аумағында профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Қажетті маңызды ақпаратты таратуға мемлекеттік органдардың, әкімдіктің, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, ұялы операторлар, блогерлер, белгілі тұлғалар, кәсіпкерлер мен еріктілер тартылды.

Жалпы, интернет алаяқтықпен күрес жөніндегі жұмыс Астана қаласы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Соның ішінде интернет алаяқтық фактілерін азайтуға, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған қажетті іс-шаралар тұрақты негізде пысықталуда.

Сұхбатыңызға рақмет!