Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қарсы міндеттемелер енгізіледі
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің тапсырмасын орындау аясында ауыл шаруашылығын субсидиялаудың тиімділігін анықтау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі қарсы міндеттемелерді өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіп, субсидиялау ережелеріне үш бағыт бойынша өзгерістер енгізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Министрлік мәліметінше, бұл өзгерістер агроөнеркәсіптік кешеннің (тауарлар немесе қызметтер) жалпы өнімінің көлемін ақшаға шаққанда өткен жылғы деңгейден өсіруді немесе сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған қарсы міндеттемелерді енгізуді қарастырады.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің міндеттемелерді орындау деңгейі Мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Егер міндеттемелер қатарынан 2 жыл бойы орындалмаса, субсидия алу үшін өтінім беру мүмкіндігі тоқтатылады.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің "Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы салалары бойынша субсидиялау бағыттары аясында қарсы міндеттемелер қабылдау жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру және жұмыс тобын құру туралы" бұйрығына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы салалары бойынша субсидия алушылардың қарсы міндеттемелер қабылдау пилоттық жобасы жүзеге асырылды.
Пилоттық жобаны іске асыру нәтижесінде, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және баға құбылмалылығының нақты өндіріс өсіміне әсерін жою, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нақты өндіріс көлемін айқындау мақсатында ҚР АШМ кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қарсы міндеттемелер қабылдау механизмін талқылау мақсатында ҚР "Атамекен" ҰКП Президиумы агроөнеркәсіптік кешен мүшелерінің қатысуымен АШМ кеңес өткізді.