Атырауда университет жатақханасының ғимараты опырылып түсті


Бүгін таңертең Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің №2 жатақханасы ғимаратының ортаңғы бөлігі опырылып түсті, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстың өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Абырой болғанда зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелген жоқ.
Студенттер даңғылы,29 мекенжайында орналасқан ғимарат 1972 жылы салынған. 2022 жылдың қараша айында университеттің шаруашылық бөлімі бірінші қабаттың қабырғасынан ақау анықтап, бұл жөнінде тиісті органдарға хабарлаған. Артынша Атырау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізіп, оны апатты әрі тұруға қауіпті деп таныды. Осыған байланысты 2023 жылғы 1 ақпаннан бері бұл жатақханада ешкім тұрмайды.
Қазіргі уақытта Атырау облысының Құрылыс басқармасы университетпен бірлесіп, апатты қос жатақхананы бұзып, орнына 900 адамға арналған заманауи жаңа жатақхана салуды қолға алды. Жобалық-сметалық құжаттаманы «Авангард-ОК» ЖШС әзірлеген. Құжаттама қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр.



