Қарағандыда 30-ға жуық жас офицер кәсіби шеберліктерін шыңдады

25 тамыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views78
Қарағандыда 30-ға жуық  жас офицер кәсіби шеберліктерін шыңдады
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

«Орталық» өңірлік қолбасшылығында 2024 жылғы Ұлттық ұлан Академиясының түлектерімен оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – жас офицерлердің кәсіби даярлығын жетілдіру, олардың алған білімдері мен дағдыларын әскери қызмет барысында тиімді қолдануына жағдай жасау.

Жиын барысында өңірлік қолбасшылықтың тәжірибелі офицерлері мен бөлім командирлері жас офицерлерге қызметтің негізгі бағыттары бойынша дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар өткізді. Мұнда әскери тәртіпті сақтау, жеке құраммен жұмыс жүргізу, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану сияқты маңызды тақырыптар қамтылды.

Сонымен қатар, оқу-әдістемелік жиында ұлттық ұландағы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс, жауынгерлік дайындықтың заманауи әдістері, басқарушылық қабілеттерді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Жас офицерлерге алдағы қызмет жолында кездесетін жауапты міндеттерді тиімді орындау үшін практикалық ұсыныстар берілді.

Жиын аясында жас офицерлер Қарағанды облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихынан сыр шертетін «Қарлаг» музейіне де барды. Болашақ командирлер мұнда елімізге қатысты тарихи деректермен танысты, осылайша олар тәуелсіздіктің құндылығын терең сезінді. Бұл экскурсия олардың бойында елге адал қызмет ету, Отанды қорғау мен тарихты қастерлеу жауапкершілігін арттыра түсті.

Осы жиын – жаңа буын офицерлерінің әскери ортаға бейімделуіне, командирлік қабілеттерін шыңдауына және ұжыммен бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға ықпалын тигізбек.

Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы осындай шараларды дәстүрлі түрде өткізіп келеді.

«Бұл оқу-әдістемелік жиын біз сияқты жас офицерлер үшін үлкен мектеп болды. Қызметке жаңадан келгенде тәжірибе жетіспейтіні белгілі. Осы жиында алған біліміміз бен тәжірибеміз бізге әскери өмірге тез бейімделуге көмектеседі. Әсіресе, тәжірибелі командирлердің кеңестері мен практикалық сабақтары бізге болашақта жеке құраммен дұрыс жұмыс жүргізуге, қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдауға бағыт берді. Осындай іс-шаралар бізді шыңдап қана қоймай, нағыз офицер ретінде қалыптасуымызға жол ашады», – деді 6637 әскери бөлімінің офицеры аға лейтенант Сайдулла Арман.