00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Алтынай Тәңірберген: Мақсатымыз - отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсету

13 желтоқсан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Алтынай Тәңірберген: Мақсатымыз - отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсету
Фото: Elordainfo.kz

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейтін аналардың тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына қосар үлесі зор. Астана қаласы ҚХА жанындағы аналар кеңесі төрайымы, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы 
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Алтынай Тәңірберген аталған кеңестің мақсатын айта келе, барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.

Аналар кеңесінің түпкі мақсаты қоғамда отбасылық құндылықтарды сақтау, дамыту және нығайту екені белгілі. Бұл – рухани-адамгершілік, мәдени және тәрбиелік мәні бар жұмыс. Ассамблея жанынан құрылған аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосу. Өйткені «Отан отбасынан басталатыны» белгілі. Отбасының іргетасы мықты болса, әр шаңырақта отансүйгіш ұрпақ өсіп-өнсе, еліміздің де іргетасы мықты болары айқын. Біз осы мақсатта мемлекет басшысының тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, біліміміз бен өмірлік тәжірибемізді жұмсай отырып, еліміздің гүлденуіне үлес қосуға тырысудамыз, - деді Алтынай Тәңірберген.

Астана қаласы ҚХА жанындағы аналар кеңесі төрайымы, сонымен қатар, барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. 

Тәуелсіздік – еліміздің ең басты байлығы. «Тәуелсіз ел, еркін ел» деген ұғымдар– әлемдегі ең құдіретті сөздер. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқанына 32 жыл болды. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде жеке дара, дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, ділі мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды.Тәуелсіздік – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн.

Мен барша қазақстандықтарды ұлық мерекемізбен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деп жүрекжарды тілегін жеткізді ол.