Алматыда метро құрылысынан қомақты қаржы жымқырған 10 адамға үкім шықты
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында оңтүстік астанадағы метро құрылысы кезінде 5 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған 10 адамға қатысты үкім шықты. Қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді көлік прокуратурасы жүргізді, деп хабарлады Elorda.info.
«Метрополитен» КМК, «Алматыметроқұрылыс» АҚ, «Автоматтандыру және технологиялар қызметі» ЖШС басшылары 2018 жылдың маусымынан 2020 жылдың тамызына дейінгі кезеңде «Сарыарқа» және «Достық» станцияларын салу барысында қаржылық алаяқтықпен айналысқан. Олар жабдықтың құнын 10 есе қымбат көрсетіп, ірі көлемдегі ақшаларды жалған фирмалар арқылы шығарған.
«Сотталғандар мемлекеттік және қаржы ұйымдарында жұмыс істеу құқығынан айырыла отырып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Негізгі фигуранттар 7 жылдан 8 жылға дейін сотталды. Сонымен қатар, сот 1 млрд теңгеден астам сомаға тыйым салынған мүлікті тәркілеуді қолданып, мемлекетке келтірілген шығынды өндірді», - деп көрсетті Бас көлік прокуратурасы.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.