Алдағы күндері 46 градусқа дейін ыстық болады

2 шілде, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Алдағы күндері 46 градусқа дейін ыстық болады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Синоптиктер шілде айында  Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы болады деп болжап отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.

Сондай-ақ жауын-шашын, жекелеген күндері нөсер жауын, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі.

Республиканың оңтүстік жартысында өте қатты ыстық және шаңды дауылдар күтіледі.

Бірінші онкүндіктің бірінші жартысында тұрақты циклонның әсерінен елдің батысында (Батыс Қазақстан облысы) температуралық фон күндіз +18+26°С сақталады, онкүндіктің соңына қарай +28+33°С-қа дейін жоғарылайды.

Атырау және Маңғыстау облыстарында ауа температурасының күндіз +25+33°С-тан +30+38°С-қа дейін біртіндеп жоғарылуын болжап отыр.

Солтүстік және орталық өңірлерде ыстық ауа-райы салқын ауа-райымен алмасады, онкүндіктің басында ауа температурасы күндіз +25+35°С-қа дейін жоғарылайды, содан кейін +18+23°С-қа дейін төмендейді, Қазақстанның шығысында ең ыстық кезең онкүндіктің ортасында болжанады, ауа температурасы күндіз +30+38°С-қа дейін жоғарылайды.

1-5 шілде аралығында Қазақстанның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында ауа температурасының түнде +15+22°С-тан +25+30°С-қа дейін, күндіз +30+39°С-тан +40+46°С-қа өте қатты ыстыққа дейін жоғарылауы күтіледі. Температураның жоғарылауымен бұл аймақтарда төтенше өрт қаупі сақталады.

Шілденің екінші және үшінші онкүндігінде елдің батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, орталығында ең ыстық күндерде ауа температурасы +33+42°С дейін, Қазақстанның қиыр оңтүстігінде +46°С дейін жоғарылайды, салқын күндері +23+28°С-қа дейін төмендейді. Елдің солтүстік жартысы мен шығысында ауа температурасының түнде +15+23°С-тан +7+12°С-қа дейін, күндіз +32+39°С-тан +18+23°С-қа дейін ауытқуы күтіледі.