Алдағы үш тәулікте күн суытады
29-31 тамыз аралығында Қазақстанның барлық дерлік аумағында қатты жаңбыр мен ауа температурасының төмендеуі күтілуде, деп хабарлады Elorda.info "Қазгидромет" РМК ресми сайтына сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы үш тәулікте республиканың басым бөлігінде күн құбылмалы болады. Мәселен, кей аймақтарда найзағай ойнап, қатты жел тұрып, жаңбыр, бұршақ жаууы мүмкін. Ал Қазақстанның солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр мен ауа температурасының біртіндеп төмендеуі күтіледі. Ауа температурасының күрт төмендеуі республиканың солтүстік-батысында, солтүстігінде күтіледі. Бұл өңірлерде түнгі уақытта ауа температурасы +3...+11 градусқа дейін, күндіз +10...+18 градусқа дейін төмендейді. Метеорологтардың мәліметінше, аптаның басында тек еліміздің шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында күн жылы болады, содан кейін түнде ауа температурасының +10...+15 градусқа дейін, күндіз +20...+25 градусқа дейін төмендеуі күтіледі.