Алғаш рет полицейлерге арналған коворкинг орталық салынды
Қарағандыда еліміз бойынша бірінші рет полицейлерге коворкинг орталық ашылды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған игілікті іс-шараға Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сарсенов қатысты.
Баршаңызды коворкинг орталықтың ашылуымен құттықтаймын. 2022 жылы полиция департаментінің бастығы Санжар Әділовтің студенттермен бірлесіп жұмыс жасауының арқасында 16 студент полицияға жұмысқа орналасты. Алдағы уақытта осындай орталықтардың арқасында ішкі істер министрлігіне жұмысқа келіп, қылмыспен күресуге ат салысады деген сенімдемін, - деді министрдің орынбасары.
Орталықтың басты мақсаты – облыс орталығында орналасқан университеттердің үздік студенттерін іріктеп, оқу кезеңінен бастап, ішкі істер министрлігінің көпфункционалды жүйесіндегі жұмысымен таныстырып, оқуын тәмамдап, қолына диплом алған соң ішкі істер органдарына қызметке алу.
Іс-шара соңында полицияның коворкинг орталығының ашылуына мұрындық болған облыстық полиция департаменті бастығы мен басқада жауапты мамандарға алғыс хаттар табысталып, орталықтың ашылу лентасы қиылды.