00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астаналық оқушылар арасында жұмысшы мамандықтар насихатталады

Астаналық оқушылар арасында жұмысшы мамандықтар насихатталады
Фото: Бекдайыр Нығметұлының жеке мұрағатынан

Президент осы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы етіп жариялады. Мұндай бастама жұмысшы мамандықтарды қоғамда дәріптеу және сол арқылы еңбекқор әрі нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды мақсат етеді. Биыл Астанадағы мектептерде  оқушыларға жұмысшы мамандықтар кеңінен таныстырылады. Бұл жайында «Әкелер одағы» бірлестігі Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Біз елорданың Білім басқармасымен бірлесіп көптеген іс-шара өткіземіз. Мәселен, былтыр елордалық мектептерде ата-аналармен түрлі басқосу, форум, семинар ұйымдастырдық. «Әкелер одағы» бірлестігі атынан  10-11 сынып оқушыларына арналған ашық сабақтар өткіздік», - деді Бекдайыр Күзембай.

Осы жыл  Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды. Мұндағы мақсат – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру.

«2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы етіп жариялау – өте керемет бастама. Біз 2024 жылдың соңғы айында 100 мектептің 1000 оқушысы және әкесімен бірге қалада қар тазалап, арнайы челлендж жарияладық. Мұндағы мақсат – оқушыларды еңбекке баулу және қар күрейтін жұмысшылардың қызметін бағалауға бағыттау. Осылайша ауыр жұмысты айналамыздағы еңбеккерлердің істеп жүргенін өскелең ұрпаққа түсіндіру. Кейін олар өзінің ауласын, ортасын таза ұстауға үйренеді», - деді Бекдайыр Нығметұлы.

Ол оқушылар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттау бағытында бірқатар істер қолға алынатынын айтты.

«Мектептерде әр сала мамандары оқушылармен кездесіп, өз жұмысының елге, қоғамға тигізіп жатқан пайдасы туралы кеңестерін бөліседі. Мәселен, барлығы экономист не заңгер болуы мүмкін емес қой. Басқа салада да азаматтар еңбек етіп, ел экономикасына өз үлесін қосып жүр. Сондықтан біз Жұмысшы мамандықтар жылы деп бекітілген кезеңде оқушыларға бұл кәсіп иелерінің жұмысын дәріптеп, нағыз еңбекқор маман болып қалыптасу идеясын айтамыз және қажетті ақпараттарды бөлісеміз», - деп сөзін түйіндеді Бекдайыр Күзембай.