Air Astana мен China Southern Airlines кодшеринг туралы келісімге қол қойды

30 шілде, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Air Astana мен China Southern Airlines кодшеринг туралы келісімге қол қойды
Фото: Air Astana

2025 жылғы 29 шілдеде Air Astana мен China Southern Airlines әуекомпаниялары бірлескен рейстерді орындау (кодшеринг) туралы келісімге қол қойып, Қазақстан мен Қытай арасында сапар шегетін жолаушылар үшін мүмкіндіктерді едәуір кеңейтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Келісім Алматыдан Бейжің, Үрімші және Гуанчжоуға, сондай-ақ Астанадан Бейжіңге орындалатын Air Astana рейстеріне және Пекиннен (Дасин әуежайы), Гуанчжоу, Үрімші және Сиань қалаларынан Алматыға, сондай-ақ Гуанчжоу мен Үрімшіден Астанаға орындалатын China Southern Airlines рейстеріне қолданылады.

Air Astana компаниялар тобының Бас атқарушы директоры Питер Фостер: «Қытай бұрыннан Air Astana үшін стратегиялық маңызы бар нарық. China Southern Airlines компаниясымен серіктестігіміз сауда, туризм және мәдени байланыстардың дамуына ықпал етіп, екі ел арасындағы авиациялық әріптестіктің жаңа кезеңін білдіреді».

China Southern Airlines компаниясының Президенті және бас атқарушы директоры Хань Вэньшэн: «Air Astana компаниясымен жасалған кодшерингтік келісім Қазақстандағы қызметімізді кеңейтіп, рейстер жиілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл екі әуекомпанияның жақсы тұстарын біріктіретін стратегиялық серіктестік әрі Қытай мен Қазақстан арасындағы авиациялық ықпалдастықты дамытудың маңызды қадамы».

China Southern Airlines компаниясы туралы

China Southern Airlines жолаушыларға жоғары деңгейдегі сервис пен жайлы саяхат ұсынады. 2022 жылы бұл әуекомпания Skytrax нұсқасы бойынша «Қытайдың үздік әуекомпаниясы» аталды, ал 2023 жылы World Brand Lab тарапынан «Бес жұлдызды бриллиантты әуекомпания» мәртебесіне ие болды.
China Southern Airlines - Орталық Азиядағы ең кең маршруттық желіге ие қытайлық әуе тасымалдаушы. Компания өңірдің бес еліндегі жеті бағытқа тұрақты рейстер орындайды: Алматы, Астана, Ташкент, Самарқанд, Душанбе, Ашхабад және Бішкек.