Air Astana Иран мен Ирак әуе кеңістігінің жабылуына байланысты рейстер кестесі өзгеретінін мәлімдеді


Air Astana әуе компаниясы Иран мен Ирак әуе кеңістігінің жабылуына байланысты кейбір рейстердің бағытында өзгерістер болатынын мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Air Astana тобы Иран мен Ирак әуе кеңістігінің жабылуына байланысты кейбір Air Astana және FlyArystan тұрақты және чартерлік рейстерінің бағытындағы өзгерістер туралы жолаушыларды хабардар етеді. Шарм-эль-Шейх, Дубай, Доха және Мединаға рейстер Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып ұшады», - делінген хабарламада.
Компания өкілдері жағдайды мұқият бақылайтынын және кейінгі өзгерістер туралы хабардар ететінін мәлім етті.
Сондай-ақ олар жолаушылардан рейстердің мәртебесін тексеруді сұрайды, себебі рейстердің кестесінде өзгерістер болуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде Израиль әскері Иранға соққы жасады.



