00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

АЭС-тің Балқаш көліне теріс әсері бар ма – маманның жауабы

25 қыркүйек, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
АЭС-тің Балқаш көліне теріс әсері бар ма – маманның жауабы
Фото: жасанды интеллект

Ядролық физика институтының аға ғылыми қызметкері және ЕҰУ оқытушысы Дмитрий Шлимас режимдік объектілердегі қатаң қауіпсіздік шаралары жайында айтып, АЭС-тің Балқаш көліне теріс әсері туралы мифтерді жоққа шығарды.

– Тұрақты қорғауда болатын режимдік объектілерге мысал келтіре аласыз ба?

– Иә, мысалы, Ақтаудағы БН-350 реакторының жұмысы нәтижесінде пайда болған радиоактивті қалдықтар Семей полигонында сақталады. Мұндағы қауіпсіздік ең жоғары деңгейде: жердің тербелістерін талдау арқылы спутниктік бақылау тұрақты түрде жүргізіледі, бұл адамдардың немесе көліктердің қозғалысын тіркеп отыруға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, жоғары деңгейлі қорғау қамтамасыз етіледі. Мұндай нысандарда жалпы қауіпсіздік шараларының қатаң режимі қолданылады, кез келген жағдайға реакция беру уақыты да барынша қысқа. Мысалы, жабық аумаққа кездейсоқ жергілікті тұрғын кіріп кетсе, оған дереу әскери қызметкерлер келіп, ол жерден кетуін сұрайды. Осылайша, нысандар шынымен де сенімді қорғауда тұр.

– Атом электр станциясының құрылысы салдарынан Балқаш көлінен айырылып қалуымыз мүмкін деген пікір бар. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?

– АЭС су ресурстарына әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық бар, өйткені салқындату үшін көл суы пайдаланылады. Алайда, агроөнеркәсіп кешені АЭС қажеттілігінен әлдеқайда көп су тұтынатынын айтып өткен жөн. Сондай-ақ, су көлден біржолата алынбайды, ол конденсаторды салқындатып, жабық жүйеде айналып тұрады. Судың қызып кетуіне жол бермес үшін қосымша градация жүйелерін енгізуге болады. Болжамдарға сәйкес, АЭС салынған жағдайда, судың жыл сайынғы булануы небәрі 0,33%-ға артады, бұл 1%-дан да аз.

–  Біреулер АЭС салғаннан гөрі жел станцияларын салған дұрыс дейді. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Бұл бір шектен екінші шекке ауысумен тең. Жел турбиналары жұмыс жағдайына байланысты 15 жылдан 25 жылға дейін қызмет етеді. Қазақстандағы бұл жағдайлар экстремалды болып тұр: жазда температура +40°C, ал қыста -40°C дейін жетеді. Мұндай жағдайда кез келген техника әлдеқайда тез тозып, үнемі жөндеуді қажет етіп тұрады. Сонымен қатар, пайдалану мерзімі біткеннен кейін турбиналар не бұзылады, не ескерткіш ретінде орнында қалады. Ал АЭС 60 жыл бойы жұмыс істей алады, және жаңғыртудан кейін тағы 20 жыл қызмет етуі мүмкін.

Шынар Хамитова