Абай Құнанбайұлының қара сөздері топтастырылған аудио жинақ әзірленді

1 тамыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Абай Құнанбайұлының қара сөздері топтастырылған аудио жинақ әзірленді
Фото: Amanat партиясынан

Amanat партиясының белсендісі, белгілі журналист Елдос Төлеубаев ұлы ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының қара сөздері топтастырылған аудио жинақ жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Ақынның 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – мәңгілік бағдар» жобасының тұсаукесері партияның Павлодар облыстық филиалында өтті.

Аудио жинақта Абайдың 45 сөзі толық қамтылып, музыкалық сүйемелдеумен заманауи форматта ұсынылды.

«Оқушы кезімде Абай шығармашылығына орай ұйымдастырылған байқауларға қатыстым. Әнші Нұрлан Өнербаев оқыған «Қара сөздерді» таспадан тыңдап, «Осындай дүние жарыққа шығарғым келеді» деп шештім. Арада 25 жыл өтті. Міне, ақыры арманым орындалды. Барлық 45 қара сөзді жазу оңай болған жоқ. Мен әр нұсқаны жіті тыңдап, ұнамаған тұсын қайта жазып отырдым. Аудио жинақты өз дауысыммен оқып, ақынның әр сөзін терең түсінуге ұмтылдым. «Қара сөздер» жылдар бойы жазылғаны және онда терең философия бары анық. Мен де ұлы тұлғаның әр сөзіне, әр жолына құрметпен және аса жоғары жауапкершілікпен қарауға тырыстым», - деді Елдос Төлеубаев.

Айта кетейік, Amanat партиясы «Ұлттық мұра» жобасы аясында мәдени мұраны насихаттауға бағытталған бастамаларға жүйелі түрде қолдау көрсетеді.