Ақсу кенішінен 130 млн теңгенің алтын кенін ұрламақ болғандар қолға түсті
Ақмола облысында 130 млн теңгенің алтынын иемденбек болған қара кеншілер тобы ұсталды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті мен Ақмола облыстық полиция департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен Степногор қаласының аумағында алтын өндіруші кәсіпорын қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті. Қылмыстық топтың құрамында сол кәсіпорынның қызметкерлері болған.
Арнайы іс-шаралар шеңберінде қызметтік мүмкіндіктерді пайдалана отырып, күдіктілер Ақсу кенішінен құрамында алтыны бар кенді ұрламақ болған. Олар ұрланған затты жұмыс киімінің ішіне жасырып алып шығуға тырысқан.
Ұсталғандардан құрамында 4,5 келі таза алтыны бар 7 келі концентрат алынды. Тәркіленген заттың құны 130 млн теңгеден асады. Қылмыстық топтың мүшелері тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық іс аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық фактісі бойынша тергеліп жатыр.