8 мыңнан астам отандасымызға арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды
Жыл басынан бері 8 476 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істегені үшін арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды, деп хабарлады Elorda.info министрлікке сілтеме жасап.
Аталған төлемді тағайындауға барлығы 9 255 адам өтініш білдірген.
«Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 2 840 адам жүгінді, оның ішінде 2 730 адамға тағайындалды.
Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 6 415 адам өтініш білдіріп, оның 5 746-сына тағайындалған.
Сондай-ақ, 369 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтуде, 68 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 342 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды», - делінген хабарламада.
Аумақтар бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген.
Бұрын хабарланғандай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.
Арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарттар болып табылады.