8 наурызға арналған ауа райы болжамы
Синоптиктер Қазақстанда ауа райы болжамын ұсынды. Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын жауады, деп хабарлады Elorda.info.
«Қазгидромет» РМК ұсынған мәлімет бойынша, Қазақстан аумағымен батыстан шығысқа қарай Атлант циклоны жылжиды.
Синоптиктердің болжауынша, қар мен жаңбыр түріндегі қатты жауын-шашын, бұрқасын, екпінді жел және көктайғақ болады, еліміздің оңтүстігінде жаңбыр жауады.
Бүкіл кезең бойы шығыста, 7 наурызда солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта, 8 наурызда оңтүстікте, 8-9 наурызда еліміздің оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болжанады. Тек 8-9 наурызда батыста, 9 наурызда еліміздің орталығында жауын-шашын тоқтайды,- деп жазылған хабарламада.
Республика бойынша тұман күтіледі.
Апта аяғында еліміздің солтүстік, орталық, шығыс өңірлерінде түнгі уақытта температуралық фон 7-17 аязға дейін, оңтүстік өңірлерде түнде 5 аяз - 5 жылыға дейін, күндіз 5-12 жылыға дейін төмендеуі болжанды.