Елімізде 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген – Дархан Қыдырәлі
Бүгін Астанада Қазақстанның Азаматтық альянсының бастамасымен Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне арналған мерекелік іс-шара өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл күннің негізгі мақсаты – бастауыш және кәсіби ҮЕҰ-ны қолдау, тәжірибе алмасу, азаматтық сектор, бизнес құрылымдар өкілдері, дипломатиялық миссиялар мен мемлекеттік органдар арасында әріптестік орнату.
Қазіргі кезде 17 мыңнан астам ҮЕҰ белсенді жұмыс істейді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жиын барысында айтты.
Қазіргі уақытта елімізде 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген. Оның 17 мыңынан астамы белсенді жұмыс істейді. Мемлекет жыл сайын 2 мың әлеуметтік маңызы бар жобаны ҮЕҰ-мен өзара байланыс арқылы іске асырып келеді. Қоғамдық кеңестердегі азаматтық сектордың үлесі 23,5% артып, қазіргі уақытта 86%-ды құрады. Қоғамдық кеңестердің құрамы 90 пайыз жаңартылды, - деді Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ министр биылдан бастап қайырымдылықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғаш рет қайырымдылық саласындағы құрметті атақ берілетінін айтты.
Үкіметтік емес сектордың сапалы кәсіби өсуі байқалды. ҮЕҰ-ның көптеген көшбасшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының міндеттерін өте жақсы орындайды. Жақында өткен сайлау қорытындысы бойынша Парламент Сенатының жаңартылған құрамы үкіметтік емес сектордың лайықты өкілдерімен толықтырылғанын мақтанышпен айтамыз, - деді Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева.
Бүгінгі іс-шараға республикалық ҮЕҰ басшылары мен сарапшылары, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Астанада 2000-нан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олар әртүрлі салада қызмет етіп жатыр. Елорданың 25 жылдығына орай энциклопедиялар жарық көреді. Соның ішінде Астана қаласының және үкіметтік емес ұйымдардың жетістігі көрініс табады, - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Сондай-ақ іс-шара барысында үкіметтік емес ұйым өкілдері Ақпарат және қоғамдық даму министрінің алғыс хаттары мен орталық мемлекеттік органдардың наградаларымен марапатталды.
Қазіргі таңда ҮЕҰ тарапынан көптеген өтініш түсіп жатыр. Осы үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу процесін жеңілдету секілді мәселелер бойынша ұсыныстар бар. Соларды бүгінгі таңда талқылау жоспарланып отыр, - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.
Айта кетейк, Дүниежүзілік ҮЕҰ күні алғаш рет 2010 жылы Литваның Вильнюс қаласында өткен Балтық теңізі аймағының ҮЕҰ IX форумының 8-саммитінде ресми түрде жарияланды. Дүниежүзілік ҮЕҰ күні ресми түрде Халықаралық деңгейде 2014 жылдың 27 ақпанынан бастап Финляндияның Хельсинки қаласында атап өтілді.