00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада «Жайдарманның» ресми маусымашары болды (ФОТО)

31 наурыз, 2023
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Астанада «Жайдарманның» ресми маусымашары болды (ФОТО)
ашық дереккөз

Елордада Жайдарманның «Әдемі маусым» атты ресми маусымашары болды, деп хабарлады Elorda.info.

Бүгін Жайдарманның тарихында алғашқы рет «PRESS BRANCH»-ке қош келдіңіздер. Мұнда жиналғандар  –  «Жайдарманға» және менің өміріме жақын жандар. Бүгін барлықтарыңызды осы жерде көргеніме өте қуаныштымын, - деді «Жайдарман» қозғалысының негізін қалаушы Есен Елеукен.

Жайдарманшылар үшін маусымашар – қашанда үлкен фестиваль. Жаңа маусымға, жаңа жылға жаңа леп беретін кеш деуге болады. Бар жанарды жаулаған «Жайдарманға» биыл  20 жыл толады. Бүгінгі күнге дейін «Жайдарман» еліміздің талантты жастарының басын қосатын теңдессіз алаңға айналып үлгерді.

«Жайдарман» – әлеуметтік жоба. Біз балаларға, әсіресе, аймақтағы жастарға көп мүмкіндік береміз. Кейде мұны әлеуметтік лифт деп жатады. Мен мұны әлеуметтік баспалдақ деп айтқым келеді. Баспалдақ барлығына мүмкіндік береді. Бастысы бұл жерде адамды жұлдыз етіп шығару емес, өмірге бейімдеу, тәрбиелеу, орта қалыптастыру.  Бұл жерден достар табады, орта табады, белгілі бір нәтижеге жетеді. «Жайдарман», бұл – өмір. Жастық шақты жақсы өткізуге мүмкіндіктер уақыты деуге болады, - деді Есен Елеукен.

Дәстүр бойынша «Жайдарманның» балалар, жасөспірімдер және жоғарғы лигаларына іріктеу Астана қаласындағы «Жастар» сарайында апта бойы жалғасады. Жаңа маусымның тұсаукесеріне арналған салтанатты іс-шараны елорда тұрғындары мен қала қонақтары «Бейбітшілік және келісім сарайында» (Пирамида) тамашалай алады.

 2022 жылғы маусымды біз «Маусымашармен» бастаған болатынбыз. 2 жыл карантиннен кейін команда көп жиналмайды деген ойда болған едік. Дегенмен 174 команда келді. Айтпақшы «Жайдарманда» 2019 жылғы маусымашарда ең көп команда жиналды. Сол маусымашарда 235 команда келген болатын, - деді Е.Елеукен.

Ал биылғы «Жайдарманның» маусымы – 19 маусым.

Биылғы маусымды «Әдемі маусым» деп атадық. Біз оны әдемі өткізуіміз керек. Біздің балаларымыз әдемі сөйлеуі керек, әдемі ойлауы керек, әдемі ойнауы керек, әдемі көрермендер болуы керек, әдемі қолдаушылар болуы керек, өздеріңіз секілді әдемі жандар ортамызда болуы керек. Жалпы өмірімізді әдемі қылайық. Бұл – біздің қолымыздан келеді. Сондықтан «Әдемі маусымды» бірлесе атқаруға баршаңызды шақырамын, - деді Есен Елеукен.

Биыл еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам команда тіркеліп отыр. Осыған дейінгі маусымдардан ерекшелігі, биыл жас командалармен қатар, тәжірибелі немесе жоба ретінде жүрген көп команда маусымға қатысуға өтініш берді. Ұйымдастырушылар «Жайдарманға» қызығушылықтың бұлайша артуын өткен маусымның сәтті әрі қызық болғанымен байланыстырады. Сондай-ақ алдағы уақытта «Жайдарман» қатысушыларына арналған жаңа жобалар  басталатынын да алға тартады.

Біздің миссиямыз – өзін-өзі тапқан, кез келген ортада өзін еркін сезінетін, тез арада жылдам шешім шығаратын, ойлай алатын, кез келген дүниені дөңгелетіп кететін жандарды тәрбиелеу. Бәлкім, пафосты естілуі мүмкін, миссиямыз «Жайдарман» арқылы мемлекетшіл жастарды тәрбиелеп шығару, - деп сөзін түйіндеді Есен Елеукен.

Айта кетейік, Республикалық лигалар ішінде алғашқы болып Bala Jaidarman жобасының іріктеуі өтеді. Жоғарғы лигамен қатар Астана лигасы, Алматы ашық лигасы, Nomad лигасы және Jaidarman Junior лигалары маусым барысында өз жалғасын табады. Бұдан бөлек, JCI «SEN Creative» және «Dala Media Lab» серіктестерімен арнайы жобаларды жүзеге асырады. Былтыр аталған серіктестермен бірге «JaiBattle» жобасының тұсауы кесілсе, биыл «Soile StandUp», «SAZ» және Iqas интелектуалды ойынымен толығады.

Сондай-ақ Есен Елеукеннің сөзінше, JCI әрі қарай «Жайдарманның» өңірлердегі филиалының жұмысын жандандыруды жалғастырады. Былтыр облыстарда жергілікті және республикалық дәрежеде бірнеше ойын өткен болатын.