Коммуналдық қызмет тарифтерінің өзгеруіне қандай факторлар әсер етеді
Осы уақытқа дейін коммуналдық қызмет тарифтерінде айтарлықтай өсім байқалмады. Мысалы, инфляцияның жылдық мәні 19,6%-ға жеткенде және ақылы қызметтер бағасының 14,1%-ға өсуі кезінде газбен жабдықтау қызметіне тарифтер жылдық динамикада өзгермеді. Ал, орталық жылыту тарифі 1,1%-ға, суық су – 1,2%-ға, кәріз жүйесі тарифі – 2,9%-ға, электр энергиясының тарифі 8,1%-ға қымбаттады, деп хабарлады Elorda.info.
Inbusiness.kz жазуынша, тарифтер құрылымында реттелетін және реттелмейтін ықпал ету факторлары байқалады. Егер реттелетін факторлар уәкілетті органдар тарапынан бақылауға алынса, онда реттелмейтін факторлар қабылданатын шараларға қарамастан өз ықпалын тигізеді.
Реттелмейтін факторлардың ішінде логистикалық процестердің қымбаттауын ерекше бөліп қарастырған жөн. Пандемиядан кейін геосаяси дағдарысқа байланысты логистикалық тізбектердің үзілуі мен жеткізу маршруттарының бұзылуы байқалды. Атап айтқанда, Ресей арқылы жеткізілімдер тізбегі бұзылды. Әсіресе бұл машиналар, арнайы техникалар, жабдықтар, құралдар, қосалқы бөлшектерге елеулі әсер етті. Бұдан былай бұл техниканың барлығын өндірушілерден, тек Еуропа елдерінен ғана емес, Жапониядан немесе Оңтүстік Кореядан да жеткізу қажет. Бұл өз кезегінде қымбатшылыққа әкеледі.
Ақпаратқа сәйкес, валютаның айырбас бағамының айырмашылығы да ықпалын тигізеді. Отын-энергетикалық ресурстардың қымбаттауы мен құрылыс материалдары бағасының өсімінің де айтарлықтай теріс әсері бар.
Ел азаматтарының отбасылық бюджетіне салмақ түсірмеу мақсатында мемлекеттен қолдау шаралары қабылданып жатыр. Айта кету керек, өткен жылы Қазақстанда миллионға жуық адам атаулы әлеуметтік көмекті, 32 мың отбасы тұрғын үй көмегін алған болатын.