00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады – Смайылов

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады – Смайылов
ашық дереккөз

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің энергетикалық объектілер мен жылу желілерінің жай-күйін ревизиялау барысы қаралды, деп хабарлады Elorda.info.

Премьер-министр қыркүйек айында өңірлердің әкімдері жылу беру маусымына дайынбыз, ешқандай проблема жоқ деп баяндағанын атап өтті. Бірақ күн суытқанда бірнеше төтенше жағдай орын алды.

2 айдың ішінде 2 бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алды. Жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін белсенді шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды, — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, тексерулер басталды, өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келді.

Премьер-министр бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмегенін атап өтті. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ.

Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді, — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, қалалар кеңейіп, құрылыс секторы қарқынды дамуда. Абоненттердің саны да артты. Мұның барлығы, қолданыстағы жылу резервтерінің сарқылуына алып келді. Мұндай жағдай Астана, Алматы, Павлодар Ақтауда тіркелді. 

Сонымен қатар аудандардың дұрыс жоспарланбауы, тұрғын үйлер мен жылу желілерін бейберекет салуы суық түсе апатты жағдайларға соқтырып жатыр. Қала ішінде ауаны ластайтын автономды қазандықтар салынуда. 

Сондай-ақ желілер мен жылу орталықтарына және қазандықтарға сапасыз қызмет көрсетіледі. Тұтынушылардың қарыздары және газдандыруда қиындықтар бар. Жаңадан жылу орталықтарын салу жұмыстары созылып кетті. Бұған мысал ретінде, елордадағы 3-ші жылу орталығының құрылысын айтуға болады.

Осыған орай, Премьер-министр электр станцияларын тексеруді 2023 жылдың 1-ші тоқсанында аяқтауды тапсырды. 

Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-дан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 км! Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді, – деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, Премьер-министр жылу желілерін реконструкциялау бойынша қажетті құжаттарды әзірлеу жұмыстарын бірінші жартыжылдықта аяқтауды, тиісті жұмыстарды қаржыландыру үшін нысаналы трансферттер бөлу мәселесін пысықтауды, сондай-ақ 2 апта ішінде мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту тәсілдерін қарастыруды тапсырды.