Шахтадағы апат: дәрігерлер кеншілердің жағдайы туралы айтты
Қарағанды облысында шахтадағы жарылыстан кейін ауруханаға жатқызылған «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының кеншілерінің жағдайы жақсарып келеді. Бұл туралы профессор Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Талғат Жүкен айтты, деп хабарлады Elorda.info.
4 қарашадағы мәлімет бойынша, зардап шеккен төрт адамның екеуі токсикология бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты, оң өзгеріс бар деп бағалап отыр.
Уланудан басқа, түрлі дәрежеде жарақаттар алған екі адамға ота жасалды. Олар жедел жәрдем арқылы жеткізілді, ота жасалған науқастардың жағдайы да бүгінде оң өзгеріске ие. Науқастар жансақтау бөлімінде жатыр. Естерін біледі, тыныс алу аппаратынан шығарылған. Науқастардың жағдайын ауыр тұрақты деп бағалауға болады, - деді Талғат Жүкен.
Еске салайық, 3 қарашаға қараған түні Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада газ дренаждық ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен газ атқылап, соның салдарынан бес адам қаза тапты. Полиция апатқа қатысты тергеуді бастады.