Есірткі зертханасы жойылды
Алматыда есірткі зертханасы жойылды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
С. есімді азаматты жеке тінту және автокөлікті тінту кезінде ішінде заты бар изолентаға оралған 85 бума табылды және тәркіленді. Ұсталған азамат оларды Алматы қаласы мен Алматы облысына одан әрі тарату үшін сақтап қойған. Тәркіленген заттар – мефедрон және марихуана есірткісі. Күдікті синтетикалық шөпті өзі жасағаны белгілі болды. Осы мақсатта ол Алматы облысы Тұздыбастау ауылында жеке тұрғын үйді жалға алған, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ рұқсат етілген тінту кезінде жалға алынған тұрғын үйден зертханалық жабдықтар, шыны тостағандар мен кристалды заттар салынған металл қаңылтырлар, канистрдегі әртүрлі сұйық және ұнтақ химиялық заттар, ұнтақ заттар салынған полиэтилен байламдар, электронды таразылар, магниттік араластырғыш және 300 қапшық табылды және тәркіленді.
Тәркіленген мефедронның жалпы салмағы 15 келі 200 грамды құрады. Жауап алу кезінде «өндіруші» лаборант пен курьер жұмысы үшін жақсы жалақы алғанын айтты. Жұмыс беруші зертхана үшін баспананы да жалға алып берген. Аталған дерек бойынша Медеу аудандық Полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды, - деп жазылған хабарламада.