00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұшақты төрт сағаттан артық күткен жолаушыларға ыстық тамақ берілуі керек пе

25 ақпан, 2023
Айман Нығмет Айман Нығмет
Ұшақты төрт сағаттан артық күткен жолаушыларға ыстық тамақ берілуі керек пе
ашық дереккөз

Шара барысында қалың көпшілікті толғандырған мәселелердің бірі әуе рейстерінің кешігуі және әуе компанияларының жолаушылар алдындағы жауапкершілік мәселесі болды.

Бұл сауалға басқосуда Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева жауап берді.

Ол рейстерді кешіктірген авиакомпаниялар көп жағдайда жолаушыларға міндетті қызметтерді тиісті деңгейде орындамайтынын алға тартты. Сәйкесінше оларға заңнамаға сәйкес шара қолданылады.

Әрине, ұшудың кешігуі немесе ауыстырылуы көптеген қолайсыздықтар тудырады. Алайда техникалық ақаулар кез келген кезде болуы мүмкін. Тасымалдаушылар жолаушыларды рейстің ұшуын екі сағаттан артық күту кезінде алкогольсіз сусындармен қамтамасыз етуге міндетті. Ал рейстің ұшуын төрт сағаттан артық күткен кезде ыстық тамақ берілуі тиіс, – деді Салтанат Томпиева.

Сондай-ақ ол рейсті күндіз алты сағат, түнде сегіз сағат күткен кезде жолушыларға тасымалдаушы ұсынған қонақүйде тұруға және тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақүйге және кері қайту қызметтері көрсетілуі қажет.

Тасымалдаушының кiнәсінен рейс кейінге қалдырылған немесе 10 сағаттан астам мерзiмге кiдiртiлген жағдайда, жолаушының қалауы бойынша әуе компаниясы аталған қызметтердің барлығын көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген межелі пунктке дейін жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге міндетті.

Бұл қызметтердің барлығы жолаушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тегін көрсетіледі. Егер де тасымалдаушы компания өз міндетін орындамаған жағдайда жолаушылар Азаматтық авиация комитетіне шағымдана алады. Біз келіп түскен шағымдарды зерделеп, тиісті шешім қабылдайтын боламыз, – деп атап өтті Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары.