2029 жылға дейін $150 млрд шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр
Премьер-министр Әлихан Смайылов бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қазірдің өзінде $13,5 млрд көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылғанын айтты, деп хабарлады Elorda.info Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылы біз $28 млрд көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Аталған инвестициялар бірінші кезекте тау-кен металлургия кешеніне, өңдеу өнеркәсібіне, саудаға, көлік және қаржы секторына бағытталды.
Қалай болғанда да, $27-28 млрд деңгейі – Қазақстан үшін соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Біз инвестициялар тартудың осындай жоғары серпінін сақтап қалуға ниеттіміз. Мемлекет басшысы алдымызға 2029 жылға дейін $150 млрд тікелей шетелдік инвестиция тарту міндетін қойып отыр», - деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, бұл үшін Үкімет деңгейінде де, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде де ауқымды кешенді жұмыстар жүргізілетін болады.
Біз шикізаттық емес секторлардағы инвестициялық жобалар пулын қалыптастырдық. Қазір онда құны 32 трлн теңгені құрайтын 970 жоба бар. Келесі жылы құны 4,6 трлн теңге болатын 400 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз», - деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.