«Шоқан. Қашқария сапары» анимациялық фильмі 20 наурызда прокатқа шығады


Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай түсірілген туынды ғалымның әйгілі Қашқария экспедициясына негізделген, деп хабарлады Elordainfo.kz 100baksoff_press-ке сілтеме жасап.
Мультфильмнің оқиғасы 1858 жылы Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға жасаған саяхатынан бастау алады.
Сюжет желісі бойынша 8 жасар Азат сиқырлы уақыт компасы арқылы өткенге тап болып, Қашқарияға бағытталған керуенге қосылады. Осылайша, қазіргі заманғы кейіпкер мен ұлы зерттеушінің тағдыры тоғысып, көрермендерді тарихи шындық пен фэнтези элементтері үйлескен шытырман оқиғаға жетелейді.
«Қазақстан» РТРК басқарма төрайымы Ләззат Танысбай жоба туралы айтып берді.
«Шоқан. Қашқария сапары» жобасы – Корпорацияның толықметражды анимациялық фильм жасаудағы алғашқы тәжірибесі. Бұл жобаны толыққанды биографиялық туынды деп қарастыруға болмайды. Фильмде ғалымның тек Қашқарияға сапары негізге алынған. 10 сериядан тұратын анимациялық жобаны толықметрлі фильм форматында қайта әзірлеу – өндірістік тұрғыдан күрделі
процесс және жоба аз қаражатпен жүзеге асырылды. Яғни бюджет тек эфир үшін дайындалған анимациялық сериалға бөлінді. Дегенмен, Корпорация өз бастамасымен балалар арасында тарихи тұлғаларымызды тануға деген қызығушылықты арттыру, қазақ тіліндегі балалар контентінің кеңірек таралуын қамту мақсатында жобаны үлкен экранға шығарып отыр. Бұдан бөлек, биыл жыл соңына дейін Balapan телеарнасының эфирінде жоғары рейтингке ие болған «Желаяқ», «Тоқты мен Серке» мультфильмдерінің толықметрлі нұсқаларын прокатқа шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді «Қазақстан» РТРК басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.




