Қазақстан мен Германия арасындағы әуе рейстерінің саны артады
Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен карантиндік шектеулердің жеңілдетілуіне байланысты ИИДМ Азаматтық авиация комитеті халықаралық әуе қатынасын қалпына келтіру және әуе рейстерін ұлғайту бойынша жұмысты қолға алды.
Осылайша, шілде айынан бастап Қазақстан мен Германия арасында аптасына 15 рейс орындалатын болады, оның ішінде «Орал – Франкфурт» бағыты бойынша да рейстер бар.
Атап айтқанда, биылғы 15 мамырдан бастап «Эйр Астана» әуекомпаниясы А321LR үлгісіндегі әуе кемесінде «Нұр-Сұлтан – Франкфурт» бағыты бойынша рейстерді аптасына 5-тен 6 рейске дейін, сондай-ақ 1 маусымнан бастап 6-дан 7 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Бұдан басқа, 2 маусымнан бастап «Lufthansa» авиакомпаниясы А330/А340 әуе кемесінде «Франкфурт – Нұр-Сұлтан/Алматы» бағытындағы тұрақты рейстер санын аптасына 4-тен 5-ке дейін, 4 шілдеден аптасына 7 рейске дейін ұлғайтпақ.
Барлық рейс санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуекомпания сайтында жарияланған кестеге сәйкес жүзеге асырылатын болады. Әуе рейстерінің ұлғаюы екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына, сондай-ақ туризмнің дамуына ықпал етеді деп күтілуде, - делінген аталған ақпаратта.