Пойыз билетін енді онлайн қайтаруға болады
2022 жылдың сәуір айынан бастап жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ төлем әдісіне (қолма-қол/ақшасыз есеп айырысу) және қай жерде сатылғанына қарамастан, барлық электронды жол жүру құжаты бойынша орындарды онлайн қайтару функциясын іске қосты, - деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметі.
Жолаушы билетті пойыздың стансадан аттануына дейін 1 сағаттан аз уақыт қалса және стансадан аттанғаннан кейін электронды билетте көрсетілген уақыттан 1 сағат өткенге дейін онлайн қайтара алады.
Орынды қайтару үшін мыналарды орындау керек:
-Қазақстан темір жолы сайтына кіру, «Наразылық бойынша орынды қайтару» қосымша бетін басу;
-сайтта қажетті барлық жолды толтырып, орынның қайтарылғаны туралы түбіртекті жүктеу.
Жолаушыға қаражат электрондық жол жүру құжатын (билетін) сатып алу тәсілі мен орнына байланысты белгіленген тәртіппен қайтарылатынын жолаушылар ескеруге тиіс, - деді баспасөз қызметінде.