00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

15 сәуір – ғашықтар күні туралы не білеміз

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
15 сәуір – ғашықтар күні туралы не білеміз
ашық дереккөз

Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббаты

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастаны қазақ халқының ең көне, ел арасында көп тараған жырдың бірі саналады. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры тек қазақ арасында ғана емес, Совет одағының көптеген халқында да мол тараған. Жырдың бір нұсқасында Қарабай мен Сарыбай аңға шығады. Екеуі құда боламыз деп келіседі.

Кейіннен Қозы жетім қалып, жалқы өсіп, кейін ғана Баян атты қалыңдығының бар екенін біледі. Оны іздеп шыққан сапарында көп қиындықты жеңіп, ақыры қайын жұртына барады. Қозы Сарыбайдың еліне келген соң біраз уақыт тазша болып жүреді. Баянмен кездесіп, оған оңашада өзінің кім екенін білдіреді. Екеуі көңіл қосып табысады. Бірақ олардың сырын Қодар біліп қойып, қайтсе де Қозыдан құтылудың жолын іздейді.

Арықы қапылыста оны оққа ұшырады. Қозы Көрпештің кегін қуған Баян сұлу Қодарды айламен өлтіреді, ғашық жарының моласына келіп өзін-өзі қанжармен жарып өледі. Кейіннен қос ғашықтық махаббатына дәлел ретінде күмбез қойылған.

Мазар Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Таңсық теміржол бекетінен 10 шақырымдай жерде, Аягөз өзенінің бойында орналасқан. Биіктігі – 12 метрге жуық. Қабырғасы гранит қалақ тас пен сабан аралас балшықтан қаланған. Есігі күншығысқа қарап тұр. Ескерткіштің тұрғызылған уақыты туралы әртүрлі пікір бар.

Бір зерттеушілер V-X ғасырда көтерілген десе, енді бірі X-XI ғасырда орнатылғандығы туралы айтады. Радловтың дерегі бойынша, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу аңызы бойынша оны тұрғызуға Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан Аягөге төрт сан қол кісі жіберіп, ас бергізіп, ат шаптырып, той жасайды.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың күмбезін берік етіп тұрғызып, екеуінің кескін-келбетін тасқа түсіреді. Әсіресе Баян сұлудың өң-ажарын әдемілеп келтіреді. Ал 1856 жылы Шоқан Ыстықкөлге саяхатқа бара жатып Қозы Көрпеш кешенін әдемілеп суретке салмақшы болады.

Ол туралы өзінің күнделік дәптерінде де былай деп жазған: "Мен Аягөзді сондай сүйемін, сондай қадірлеймін, оған сұлу Баянның алтын шашты Қозы Көрпешке ғашық болған аңызы әсер ететін болу керек, олардың махаббат жолындағы әрекеті осы өзеннің бойында өткен".

Қазақы махаббат күні

15 сәуірдің ғашықтар күні аталуы да біртіндеп белең алған. Оны 14 ақпан – Әулие Валентин күнін тойлауға қарсылықтан туған дата деп атауға әбден болады. Себебі әуелі қазақтардың да «Қыз Жібек», «Еңлік – Кебек» секілді дастандарындағы кейіпкерлердің махаббатын ғашықтық символына айналуы керек екені айтылды.

Кейінгі жылдары көпшілік бұл мерекені арнайы тойлайтын болды. Жалпы алғанда бұл дата ешқандай құжатта көрсетілмегеніне қарамастан, ел арасында жақсы таралып жатыр. Ал Қозы менен Баянның махаббатын дәл 15 сәуірге «бекіту» де ешқандай тарихи дерекке сүйенбеген.