Президент Жолдауын іске асырудың жалпыұлттық жоспары әзірленді
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жоба 10 бағыт бойынша жүзеге асырылатын 36 іс-шарадан тұрады.
Осылайша, президенттік өкілеттіктерді шамадан тыс шоғырландырудан бас тарту мақсатында ел заңнамасына келесі түзетулер енгізіледі:
- Президенттің президенттік өкілеттігін орындау мерзіміне Президенттің саяси партияға мүшелігін тоқтатуы;
- Президенттің жақын туыстары үшін мемлекеттік саяси қызметшілер және квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары басшылары лауазымдарына орналасуға тыйым салу;
- Президенттің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастау, сондай-ақ Президенттің аудандар, облыстық маңызы бар қалалар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері қызметінен алу құқығын жою.
Сондай-ақ әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салынады, – деді Әлібек Қуантыров.
Бұдан басқа, Парламент Сенатының құрылу тәртібі мен бірқатар функциялары қайта қаралатын болады.
Атап айтқанда:
- Сенаттағы президенттік квота 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарады, олардың бесеуі Қазақстан халқы Ассамблеясына ұсынылады;
- ҚХА квотасы Мәжілістен Сенатқа беріледі;
- Парламент Сенатының Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы көзделген;
- Парламент Сенатының өкілеттігі Конституциялық Кеңестің және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығымен толықтырылды;
- Парламент Мәжілісі Заң қабылдау құқығына ие болады;
- Есеп комитеті жоғары аудиторлық палатаға қайта құрылатын болады.
ҰЭМ басшысының айтуынша, елді одан әрі саяси жаңғырту мақсатында Мәжілісті қалыптастырудың аралас жүйесін көздейтін сайлау жүйесінің пропорционалды-мажоритарлық моделі енгізілетін болады.
Саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлату, оның ішінде тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету көзделуде. Өңірлік өкілдіктердің ең аз саны 600-ден 200 адамға дейін азайтылады. Партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз саны 1000-нан 700 адамға дейін қысқарады, – деп қосты Әлібек Қуантыров.
Сонымен қатар Қазақстанда конституциялық сот пайда болады. БАҚ туралы заң қайта қаралады.
Үш жаңа облыс – Абай, Жетісу және Ұлытау пайда болады. Ұлттық экономика министрі атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті.
Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов ұсынылған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қойылған міндеттерге толық жауап беретінін және келісудің барлық қажетті рәсімдерінен өткенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет басшысы оны жүзеге асыруға кідіріссіз кірісуді тапсырды.
Барлық бірінші басшылардың назарын аударамын – сіздер жоспардың әрбір іс-шарасының сапалы және уақтылы орындалуына дербес жауап бересіздер. Орынбасарларыма жоспардың бағыттарын қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Әлихан Смайылов.