Таңғы асқа сүзбені немен жеуге болады
Сүзбенің бір орташа порциясының өзі ағзаны кальцийдің тәуліктік нормасының шамамен 30%-мен қамтамасыз етеді. Ол сүйек, тырнақ және шаш жағдайына әсер ететінін білеміз. Сүзбенің құрамындағы магний артериялық қысымды реттейді және қан ұюының алдын алады. Ал сүт-қышқылды бактериялар асқорытуға жағымды әсер етіп, ішектер микрофлорасын қалыпқа келтіреді. Жалпы мұндай құнарлы өнім толықтыруды қажет етпейді. Дегенмен, оны дәмді және одан да пайдалы етуге болады.
Жеміс-жидектер
Сүзбені дәмді әрі пайдалы етудің ең қарапайым әдісі — оған жеміс-жидектер қосу. Алма — темірмен, шабдалы — каротин және дәрумендермен, банан — калиймен, көкжидек — антиоксиданттармен қамтамасыз етеді. Сізге дәмі ұнайтын кез келген жемістер мен жидектерді пайдалануға болады.
Кепкен жемістер
Тағы бір пайдалы әдіс — сүзбеге кепкен жемістер қосу. Мысалы: кепкен өрік, қараөрік, кепкен құрма немесе інжір. Олардың бәрі ағзаға өте пайдалы.
Жаңғақтар
Жаңғақтар — омега-6 майлы қышқылдарының және өсімдік ақуыздарының керемет көзі. Олар тоқтық сезімін сыйлайды және ми белсенділігін ынталандырады. Жаңғақтар қосылған сүзбе үйлесімді тағамға жатады: ол ағзаны барлық қажетті элементтермен қамтамасыз етеді.
Көкөністер
Біз балалық кезден бастап сүзбені тәтті тағам ретінде жеп үйренгенбіз. Сондықтан көпшілік оған қант, тосап немесе бал қосып жейді. Алайда ол көкөністермен де үйлесім табады. Түйіршікті сүзбені салатқа сүзбе ірімшік (брынза) немесе фета ірімшігі секілді қосуға болады.