ШҚО-да мал ұрлығымен айналысқан 12 адам ұсталды
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасын жүргізген. Соның нәтижесінде, 10 күн ішінде 21 қылмыс ашылды.
Сондай-ақ мал ұрлығымен айналысқан 12 адам ұсталды. Мысалы, Зайсан ауданында жайылымнан жалпы құны 3 000 000 теңгеден асатын 10 бас мал ұрлаған 38 жастағы ауыл тұрғыны құрықталды. Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, мал және ет өнімдерін тасымалдаған 1 500-ден астам автокөлік, 1 137 шаруа қожалығы және мал және ет өнімдерін сататын 500-ден астам базарлар, дүкендер мен павильондар тексерілді.
Мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 336 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 1000-нан астам қараусыз жайылған мал арнайы тұраққа қамалды.