Қаңтарда қаржылық алаяқтықпен күреске бағытталған сайт іске қосылады
“Жақын уақытта біз үш жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бірінші жоба қаржылық алаяқтықпен күреске бағытталған. Сайт stop-piramida.kz деп аталады. Біз оны қаңтарда іске қосамыз. Екінші сайт несие нарығындағы қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғауға арналған. Ал үшінші жобамыз электронды сауда саласындағы тұтынушылардың құқығын қорғауды көздейді”, – деді Ю. Ли.
Мұнымен қоса ол халықтың қаржылай сауатын арттыруда БАҚ-тың рөлі зор екеніне ерекше тоқталды.
«Өзгенің атынан несие рәсімдейтін алаяқтар жайлы көп естіп жүрміз. Солардың көпшілігін алып қарасақ, сондай оқиғаға кезіккен адамдардың қаржылық сауаты төмен екенін байқаймыз. Әйтпесе әдетте несие рәсімдерде адамның жеке ұялы телефонына код жіберу, саусақ таңбасын сұрау, құжатты жүктеу деген сияқты рәсімдерді орындау талап етіледі. Егер өзінің әрекетіне жауапкершілік алып, ақпараттың шын не жалған екенін тексеріп, көз жеткізер болса, мұндай өкінішті жағдайлар азырақ болар еді. Осы тұста сіздердің, яғни БАҚ-тың халықты қаржылық сауаттылыққа шақыруда, көзін ашуда рөлі үлкен деп білемін», – деді Юрий Ли.
Өз кезегінде елордалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов бұл пікірді қостады.
“Басылымдарымыз бұл мәселеге тереңірек назар аударатын болады. Халықтың қаржылық сауатын арттыруда біздің редакциялар оқырмандарға дұрыс бағыт беріп отыруы керек”, – деп қорытындылады.
Сондай-ақ басқосу барысында Мәжіліс депутаты «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің тілшілері әзірлеген «Нұр-Сұлтан – тәуелсіздік тұмары» / «Нур-Султан – символ независимости» атты жаңа кітаппен танысты.
Жиын соңында депутат Қазақстан халқы ассамблеясы жұмысын, этносаралық ынтымақтастықты насихаттауға үлес қосып жүрген журналистерді марапаттады.
Айта кетейік, бүгінде «Elorda Aqparat» медиахолдингінің құрамына «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттері мен «Elorda.info» желілік басылымы кіреді.