Елімізде бір мәрте жүк тасуға арналған контейнерлер пайда болды
Пилоттық жобаның ерекшелігі сол, рапс майы бұрынғыдай вагон цистерналармен емес, бір рет қана қолданылатын май тасымалдауға арналған пластикалық контейлермен жеткізілмекші.
«Бүгінгі күні KTZ Express компаниясы біздің әріптесіміз Европак компаниясымен бірге осы пилоттық контейнерлік пойызды жөнелтудеміз. Бұл контейнерлік пойыздың ерекшелігі – рапс майын осы Көкшетау қаласынан сонау Қытайдың Цзанзи портына алып барамыз. Бұл дегеніміз, өте жаңа технология. Өйткені мұндай сұйық жүктерді жалпы вагон цистерналарымен таситын. Бүгінгі күнде осындай флекситанк арқылы контейнерге салып, тез арада өте пайдалы жолмен жеткізуге болады», – деді «KTZ Express» АҚ-ның бас директоры Нұрлан Игембаев.
«Европак» компаниясы ұсынған логистикалық шешім болашақта басқа да отандық өндірушілер үшін тұрақты экспорттық сервис орнатуға мүмкіндік береді.
«Пойыз құрамына рапс майы тиелген 108 флекситанк контейнері кіреді. Жалпы сыйымдылығы 2300 тоннаға жуықтайды. Әрбір контейнерге 21 жарым тонна жүк салуға болады. Флескитанк кез келген сұйықтықты құюға да, төгуге де ыңғайлы. Болашақ жоспарымыз бұл сервисті одан әрі дамыту. Тасымал географиясын кеңейту», – деді «Европак» компаниясының бас директоры Людвиг Тарханьян.
Қазір Қытай мемлекеті әлемде рапс майын ірі мөлшерде тұтынатын елдердің көшін бастап тұр. Сондықтан қазақстандық компаниялар экспорттық өнімді жеткізу жағына басымдық бермек. Былтыр тек жарты жыл ішінде елімізден жалпы көлемі 37 мың тоннадан астам рапс майы Қытайға экспортталған.