00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалық жастарға қандай мүмкіндіктер жасалған

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордалық жастарға қандай мүмкіндіктер жасалған
ашық дереккөз

«Жас мамандарға жеңілдікпен үй алуға мүмкіндік беретін «Елорда жастары» және «Жалдамалы баспана» бағдарламалары келер жылы да жалғасын табады. Аула клубтарының жұмысын дамытамыз, Алдағы екі жылда тағы 20 аула клубы ашылады. Одан бөлек, спорт мектептеріне баратын балалардың санын екі есе, ал жаттықтырушылардың санын 50 пайызға арттырамыз», – деді басқарма басшысы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі Кеңесте сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ ведомство басшысы волонтерлікпен айналысатын жастар мәселесіне де тоқталды.

«Қазіргі таңда «Астана жастары» орталығы жанында Волонтерлердің қалалық штабы жұмыс істейді, ол 2021-2023 жылдары волонтерлікті дамытуға арналған жол картасын іске асыруда. Штаб жұмысына 15-тен аса волонтерлік ұйым, 20 бастамашыл топ, 8 үкіметтік емес ұйым, 5 шақты меценат, 2 мыңнан аса тұрақты волонтер қатысады. Олар «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Адреса заботы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem» акциялары аясында 530 іс-шара ұйымдастырды», – деді ол.

Қ.Қамбаровтың айтуынша, биыл маусымда елордадағы Сарыарқа ауданында Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылған. Бүгінге дейін аталмыш мекеме 750-ден астам консультациялық көмек берген. Ертең тағы үш ауданда, атап айтсақ, Сәтпаев 13 мекенжайындағы «Alcato» бизнес орталығында, «Биг Шанхай» базарында және «Базар» сауда үйінде жастарға қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастайды.

Жиын барысында елордалық жастардың белсенді өкілдері де сөз алып, атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Солардың бірі – «Көбелек балалар» қайырымдылық қорының директоры Сұлтан Аллабергенов.

«Көбелек балалар» деп отырғанымыз – терісі өте жұқа, жазылмайтын дертке шалдыққан балалар. Бұл – генетикалық ауру, оны жазатын ешқандай дәрі-дәрмек жоқ. Күтім ғана керек. Бүгінде мұндай аурудан 105 адам зардап шегетін болса, соның 80-і – балалар. Олар күнделікті күтімнің өзіне қатты қиналады. Мысалы, жай ғана бинтті орау процесі 2 сағатқа созылуы мүмкін. Біздің қор осы процестерді стандарттап, сол күтімді жеңілдетудің жолдарын қарастырады. «Көбелек балаларға» арнап арнайы бинт алдырдық, өйткені қарапайым бинт олардың терісін жыртып кетуі мүмкін. Сол секілді, оларға арналған арнайы тамақ түрлері де бар. Осындай дүниелерді қолжетімді етумен айналысамыз. Бұйырса, 9 желтоқсан күні біз алғашқы пациентті Санкт-Петербургке ем-дом алып, сауықтыруға жібергелі жатырмыз», – дейді ол.

Айта кетейік, елорда әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі Кеңестің құрамына 44 адам кіреді. Оның 13-і – мемлекеттік қызметшілер, 15-і – Жастар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, 16-сы – елордалық жоғары оқу орындарының өкілдері.