Әлемде коронавирустың «қолы жетпеген» төрт мемлекет бар
ДДСҰ-ның таратқан хабарламасына қарағанда, бүгіндері ресми түрде коронавирус тіркелмеген мемлекеттердің қатарында Тувалу мен Науру аралдары, сонымен қатар әлемнің ең жабық елдері саналатын Солтүстік Корея мен Түркіменстан бар.
Тувалу көлемі мен халқының саны бойынша Наурумен шамалас шағын арал. Аустралия мен Гавай аралдарының ортасында орналасқан шалғай мемлекетке баратын туристер саны өте аз. Соның нәтижесінде Тувалу коронавирустан аман елдердің қатарында.
Ал, бастапқы кезеңде коронавирустың ошағына айналған Қытайдың Хубэй қаласымен шекаралас болғанына қарамастан, 25 миллионнан астам халқы бар Солтүстік Корея ковидті жұқтыру жайлы хабар ешқашан таратқан емес. Ким Чен Ынның бұйрығымен коронавирусқа жауап ретінде аталмыш ел әлемде бірінші болып өз шекарасын жапқан болатын.
Науру – көлемі мен халқының саны бойынша әлемдегі ең кішкентай мемлекеттердің бірі. Аустралияға жақын орналасқан шағын аралда 10 мыңнан астам адам тұрады. Туында бейнеленген он екі жұлдыз – елдегі дәстүрлі тайпалардың санын білдіреді. Науру билігі мемлекет ішінде коронавирус эпидемиясына жол бермеу үшін сыртпен байланысты барынша шектеген.
Орталық Азияда ғана емес, әлемдік аренада қатаң диктатура болып танылған Түркіменстанда азаматтардың әр қадамы мен ақпарат алаңы жіті бақыланады. Сондықтан бұл елдегі коронавирустың бар-жоғы туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкін емес. Мемлекет басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов басқаратын ел билігі Түркіменстандағы «коронавирус жұқтырған азаматтар саны – нөл» деп айтқан болатын. Түркіменстан шекарасы туристер үшін қазір ресми түрде жабық тұр.