Полицейлер AnyDesk қосымшасын смартфонға жүктемеуді ескертеді
“6 қазанда Есіл АПБ кезекші бөліміне алаяқтық туралы хабарлаған 49 жастағы жергілікті тұрғыннан арыз келіп түсті. Алдын ала тергеу барысында белгісіз біреулер алдау арқылы жәбірленушінің 2 млн 500 мың теңге көлеміндегі ақшасын иемденгені анықталды. Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, әйелге оның шотындағы күдікті транзакциялар туралы хабарлаған және жәбірленуші әйел телефонға жүктеген AnyDesk қашықтан басқару бағдарламасының көмегімен өзін қорғауды ұсынған”, – делінген хабарламада.
Қашықтан қол жеткізу бағдарламасын жүктеп, орнатқаннан кейін алаяқтар жәбірленушінің шоттарына қол жеткізген, оның атынан Қазақстанның үш банкінен несие рәсімдеген және барлық қаражатты жалған шоттарға аударған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша осы қылмысқа қатысы бар адамдардың орналасқан жерін анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.