00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстанда лифт өндірісінің дамуына не кедергі?

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстанда лифт өндірісінің дамуына не кедергі?
ашық дереккөз

Қазіргі уақытта Қазақстанда 4 лифт құрастыратын зауыт бар. Олар Ақмола және Алматы облыстарында орналасқан. Лифт бағасы орташа есеппен алғанда 10 миллион теңгеден басталады. Бұл – дилер мен дистрибьютерлер ұсынатын баға. Ал лифт құрастыратын зауыттарда оның бағасы шамамен 8,5 миллион теңгеден басталады.

Сондай зауыттың бірі – «AUXE» маркалы лифт өнімдерін шығаратын «SKY EXPRESS ELEVATOR KZ» ЖШС. Ол елорда іргесіндегі Қосшы қаласында орналасқан. 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Бұл зауыттың ашылғанын 2014 жылы отандық БАҚ жарыса жазған еді. Алайда қазіргі ахуалы туралы ресми мәлімет жоқ. Компания құрылған 6 жыл ішінде қандай жұмыстар атқарды? Жоспар толықтай орындалып жатыр ма? Тұрақты түрде лифт өндіріле ме? Жоқ әлде ірі тапсырыстарды алып қалу үшін құрылған кезекті компаниялардың бірі ме? Осы сауалдардың жауабын білу үшін біз аталған зауытқа арнайы барған едік.

Анықталғаны, компания тарихында ең ірі тапсырыс 2017 жылы, яғни ЭКСПО халықаралық көрмесін салу кезінде ғана болған. Ол жылы 13 миллион теңгеден астам салық төлеген. Сол кезде ЭКСПО павильондарына («Нұр Әлемнен» басқа) арнап 3 ай ішінде 77 лифт пен 8 эскалатор жасап берген (кестеден көре аласыз).

Салық есебінің мәліметіне қарасақ, зауыттың жұмысы ашылғанынан 4 жылдан кейін басталғанынан бөлек, онда да тұрақты түрде жұмыс жүрмей жатқандығын төмендегі скриншоттан көруге болады.

Қолда бар дерекке сүйенсек, 2019 жылы күрт өсім болған. Сәйкесінше 2020-2021 жылдары ол 3 есе азайған. Осылайша, аталған компания ірі тапсырыстармен ғана жұмыс істейтіндей әсер қалдырып отыр.

Бірақ сапалы тауарларына және бәсекеге сай құнына қарамастан, оларға сұраныс төмен. Бұл – зауыт 100 пайыз мүмкіндігін пайдалана алмай отыр немесе Қазақстанда нарықтық экономиканың заңдары жүрмейді деген сөз. Осы ойымызды компанияның сату бөлімінің басшысы Әсет Көшербаев та растай түскендей болды.

«Жоспарға сәйкес, жылына 1000 лифт, 300 эскалатор шығару керек едік. Қазір бүкіл Қазақстанмен жұмыс істеп жатырмыз. Жақында Өзбекстанмен келісімге отырдық. Зауытымызда 30-дай адам жұмыс істейді. Олар – Қосшы мен Тайтөбенің тұрғындары. Біздің 1000 лифт шығаруға мүмкіндігіміз бар, бірақ оған сұраныс жоқ. Қазақстанда лифт бойынша 300-ден астам компания бар десек, олардың бәрі – дилер мен дистрибьюторлар. Ал зауыт – төртеу-ақ. Оның екеуі – Алматыда, қалғаны – Нұр-Сұлтанда» – дейді ол.

Бұл ретте компания лифтпен қамтамасыз ету бойынша «Bi GROUP», «Базис А», «Бином», «NAK» сынды ірі құрылыс компанияларымен жұмыс істейді.

«Былтыр жоспарланған жұмыстың жартысын ғана іске асырдық. Келісім бойынша бюджеттің ақшасына салынған үйлерге лифт шығару бізге тапсырылған. Біздің ең бірінші жобамыз ЭКСПО болды. 3 айдың ішінде 77 лифт пен 8 эскалатор жасап бердік. Бағасы 8,5 миллион теңгеден басталады. Дилер мен дистрибьюторларда 2 миллионға қымбат болады. Айта кетерлігі, Үкімет жақтан өте жақсы көмек болып жатыр», – деді Әсет Көшербаев.

Енді қарап отырсақ, отандық кәсіпкерліктің дамуы тек қана объективті себептер мен жағдайларға байланысты емес сияқты. Бұл үдеріске ықпал ететін, көпшілік біле бермейтін есептер де бар көрінеді.

Жалпы, мұндай зауыттарды зерттеудегі мақсатымыз – отандық өнімді қолдап, олардың жұмысын халық болып бақылау. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазақстандықтар отандық тауарларды пайдалану керек, сол кезде өзіміздің өнеркәсібіміз ілгері басады. Соның нәтижесінде ғана халық пен мемлекет экономикалық тұрғыдан күшейіп, бай-қуатты елдер қатарына кіреді.

Назерке Еркінқызы