Ақпарат министрлігі «Facebook»-ті бақылайтын «тікелей тетікке» қол жеткізді
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өкілдерінің айтуынша, келісімнің мақсаты – әлеуметтік желідегі балалардың құқықтарын қорғауға баса назар аудару.
«Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету мақсатында «Facebook» Қазақстанға ішкі «Контентті хабарлау жүйесіне» («Content Reporting System» (CRS)) тікелей эксклюзивті қолжетімділік берді. «CRS» Министрлікке «Facebook» жаһандық контенттік саясатының да, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасының да бұзушылықтары бар контент туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді, делінген министрлік таратқан мәлімдемеде.
Сөйтіп, Қазақстан контенттік саясатқа жауап беретін «Facebook» компаниясының халықаралық командасымен тікелей байланыс орнатқан Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды. Министрлік қараша айының басынан бастапаалмыш жүйеде жұмыс істей бастайды. Екі тарап өзара іс-қимылдың тұрақты тетігін белгілеуге, оның ішінде министрлікпен түрлі аспектілер бойынша тығыз жұмыс істейтін «Facebook» өңірлік офисінен уәкілетті өкілді анықтау туралы келісімге келді.