Ұлылардың есімі аяққа басылуда
2010 жылы Петропавлда қала күні мерекесіне орай орталық саябақта ақын-жазушы, ғалымдарға арналған 34 ескерткіш орнатылған болатын. Көпшілік сынына ұшырағаннан кейін тарихи тұлғалардың шынайы бейнесіне ұқсамайтын 22 мүсін авторы, алматылық мүсінші Қазыбек Сатыбалдинге қайтарылған болатын. Тіпті, ескерткіштердің кейбірінің дене пропорциясы сай келмейтіні жөнінде де пікірлер көп айтылды. Қалған 12-нің де ғұмыры ұзаққа бармады. Биыл болса, олар тұрған орнынан ғайып болды.
Алты ескерткіш жарты жылдан бері қалалық Мәдениет үйінің алдында қаңтарылып тұр. Ал Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллин сынды жазушылардың мүсіндері қайда кеткені беймәлім. Олардың тағдыры не болғанын қалалық әкімдік өкілдері де айта алмады. Тіпті, зиялылардың «жоғалып» кеткенін өздері де білмейді екен.
«Ескерткіштердің астында тұрған тұғыры бүліне бастады. Сондықтан мүсіндерді уақытша қалалық Мәдениет үйінің алдына қойдық. Оларды жөндеуге қажетті сома бюджеттен бөлінеді. Бірақ әзір олардың қайда орналастырылатыны белгісіз. Қалған 6 ескерткіштің қайда кеткенін де білмеймін», – дейді Петропавл қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Азат Ыбыраев.
11 жыл бұрын аталмыш композицияны орнату үшін қалалық бюджеттен 38 млн теңге жұмсалған болатын. Қажетті деңгейде күтім көрмеген бұл ескерткіштер уақыт өте келе бүлініп, жарыла бастаған. Өз заманында елі үшін еңіреп өткен арыстардың мүсіні мүсәпір күйде қоқыс арасында жатқаны өкінішті.